Сеулде өткен Азия орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO) Ассамблеясының 15-сессиясында Қазақстанның орман зиянкестерімен күресуге арналған арнайы зертхана құру жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.
Халықаралық жиынға Қазақстан өкілдері қатысып, ормандарды орнықты басқару, инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Мақұлданған жоба аясында 2027-2030 жылдары энтомофагтар зертханасын құру жоспарланған. Онда орман зиянкестерінің табиғи жаулары – энтомофагтарды көбейту, орман мониторингін жетілдіру және биологиялық қорғау әдістерін енгізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ зиянкестер зақымдаған сүректі қауіпсіз көму технологиялары сынақтан өткізіледі. Бұл химиялық препараттарды қолдануды азайтып, орман экожүйелерін қорғауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қазақстанда 2027 жылдан бастап көміртегі жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта UNIDBT Plus компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобалар орман шаруашылығына қосымша инвестиция тартуға, орман алқаптарын ұлғайтуға және парниктік газдардың сіңірілуін арттыруға бағытталған.

Ассамблеяда Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның қатысуымен қорғаныш орман екпелерін құру және агроорман шаруашылығын дамытуға арналған бірлескен гранттық өтінім дайындау мәселесі де талқыланды. Бастама шөлейттену мен жердің тозуына қарсы күресуді көздейді.
Сонымен қатар AFoCO Ассамблеясының шешімімен 2027 жылдың көктемінде ұйымның келесі арнайы сессиясы Қазақстанда өтеді. Бұл орман шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін орман алқаптарын қалпына келтіру үшін 3 млн қарағай көшеті отырғызылатыны хабарланған еді.