Биыл әскери міндеттілерден 3 мың адам оқу-жаттығу жиындарына шақырылады
Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес осы жылы жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті тартылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің түсіндіруінше, аталған іс-шара резервтегілердің даярлық деңгейін жетілдіру, практикалық дағдыларды жаңарту, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру, сондай-ақ Қарулы күштерді жұмылдырудың дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.
Қатысушыларды іріктеу жергілікті әскери басқару органдары тарапынан армияның нақты әскери-есептік мамандықтары бойынша қажеттілігіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар ескеріледі. Азаматтар арнайы шақырту негізінде шақырылады. Оны алғандар көрсетілген орынға белгіленген мерзімде келуге міндетті. Келмеген жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Заңнамаға сәйкес, бұл іс-шараларға тартылмайтын азаматтар санаты айқындалған. Олардың қатарында оқу жылы кезеңіндегі педагогтар, күндізгі бөлімде білім алушылар, кәмелетке толмаған үш және одан да көп баласы бар ата-аналар, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңында көзделген өзге де санаттар бар.
Дайындық мерзімі бір айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында қатысушылар азық-түлікпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жаттығу өтетін орынға бару және кері қайту Қорғаныс министрлігінің есебінен ұйымдастырылады.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдік қарастырылған. Азаматтардың жұмыс орны мен атқарған қызметі сақталады. Жұмыс істейтіндерге заңнамаға сәйкес орташа жалақы төленеді, ал жұмыссыз азаматтарға бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы беріледі. Жиын уақыты жалпы еңбек өтіліне есептеліп жазылады.
Еске сала кетсек, Жамбылда әскер қатарындағы 120 азамат дрон операторы мамандығына даярланады.