Барша қазақстандықтар үшін ерекше мейрам - Ерлан Қошанов
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов отандастарымызды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Құрметті достар!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Бұл – қоғамымызды бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен татулық секілді ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын, барша қазақстандықтар үшін ерекше мейрам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің табысты дамуы жолында халықтың бірлігі мен ынтымағының айрықша маңызын әрдайым атап өтеді.
Уақыт тезінен өткен осы қағидаттар азаматтардың басым көпшілігі референдумда қолдау білдірген жаңа Халықтық Конституциямызда айқындалды. Этникалық тегіне және діни сеніміне қарамастан, барша қазақстандықтар үшін тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер Ата Заң деңгейінде бекітілді. Ал жаңа Халық кеңесі институтының құрылуы жұртшылықтың мемлекет басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейте түседі.
Бүгінде еліміз – бір шаңырақ астында тату өмір сүріп жатқан 130-дан астам этнос өкілдерінің ортақ мекені. Әралуандықтың бірлігі Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды құру жолындағы мемлекетіміздің мызғымас қағидатына, басты байлығы мен берік тірегіне айналды.
Осы мереке күні әр шаңыраққа тыныштық пен ырыс-ынтымақ, амандық және бақ-береке тілеймін!», -деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтағаны туралы жаздық.