Референдум-2026

Балалар лагерін таңдағанда нені ескеру керек – санитарлық талаптар жарияланды

Балалар лагерін таңдағанда нені ескеру керек – санитарлық талаптар жарияланды
Фото: pexels.com

Жазғы демалыс маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін лагерьлердің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға толық сай болуы аса маңызды. Бұл туралы Elordainfo.kz ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Комитет мәліметінше, балаларды қабылдайтын лагерьлердің қызметіне санитариялық талаптарға сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болған жағдайда ғана рұқсат беріледі. Сондықтан ата-аналарға баласын лагерьге жібермес бұрын Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында жарияланған рұқсат алған лагерьлердің тізімімен танысу ұсынылады.

Сондай-ақ лагерьде балалардың денсаулығына күнделікті медициналық бақылау жүргізіліп, медицина қызметкері мен алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы болуы қажет. Қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілуі тиіс.

Бұдан бөлек, лагерь аумағында санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуы, үй-жайлардың тұрақты тазалануы, қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етілуі және балалардың жеке бас гигиенасы талаптарын орындауы маңызды.

Комитет қауіпсіз әрі сапалы тамақтануға да ерекше назар аударады. Лагерьлерде тек сапалы азық-түлік өнімдері қолданылып, тағамды дайындау мен сақтау талаптарының сақталуы, балалардың теңгерімді тамақтануы қамтамасыз етілуі қажет.

Сонымен қатар ойын және спорт алаңдарының жарамды күйде болуы, суға шомылу, серуендеу немесе экскурсия кезінде балаларды тұрақты бақылау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау міндетті.

Мамандар жаздың аптап ыстығында балалардың жеткілікті мөлшерде су ішуіне жағдай жасап, бас киім киюін қадағалап, күннің ең ыстық уақытында ашық күн астында ұзақ болуына жол бермеуге кеңес береді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті санитариялық талаптарды сақтау балалардың қауіпсіз, дені сау әрі жайлы демалысының басты кепілі екенін атап өтті. 

Бұған дейін Астанада «Айбынды маусым» лагерінің қатысушыларына арналған экология сағаты өткенін жазғанбыз