Астананың халықаралық әуежайында Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында джиу-джитсудан күміс медаль жеңіп алған елордалық спортшы Мерей Қабдуллаевты салтанатты түрде қарсы алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спортшы мен оның жаттықтырушысы Арманжан Рузахуновты құттықтауға туыстары, достары және спорт саласының өкілдері келді. Іс-шарада домбырамен ән шырқалып, шашу шашылып, бауырсақ пен қымыз ұсынылды.


Мерей Қабдуллаев жарыс кезінде өзіне қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтып, медалін соларға арнағанын жеткізді.
«Маған үнемі жазып, жанкүйер болып, алаңдап отырды. Осы қолдауды сезіндім. Әрине, барлығы алтын медаль күтті. Бірақ өзіме 100 пайыз күш салдым деп есептеймін. Белдесулер оңай болған жоқ, қарсыластар да мықты болды. Азия ойындарына оңай қарсыластар келмейді», – деді спортшы.
Жапонияда өткен ойындарда Мерей 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалға дейінгі жолда ол Моңғолия спортшысы Батбаяр Батсухты, Иордания өкілі Осаму Набасты және Қырғызстан спортшысы Абдурахман Муртазалиевті жеңді. Шешуші белдесуде қазақстандық спортшы Сауд Арабиясының өкілі Абдуллах Тариг Надеге есе жіберді.
Мерейдің пікірінше, финалдағы нәтижеге қатты толқынысы әсер етуі мүмкін. Азия ойындарының жеңімпазымен ол бұған дейін де кездескен.
«Ол кезде екеуіміз шамалас деңгейде белдестік. Бұл жолы толқу сәл әсер етті деп ойлаймын. Осы бағытта жұмыс істейміз», – деді ол.

Қабдуллаев үшін бұл ересектер санатындағы алғашқы жарыс жылы. Спортшының айтуынша, 2025 жылы ол жастар арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында жеңімпаз атанып, содан кейін ересектер санатына ауысқан. Жаңа санаттағы алғашқы маусымында ол Азия чемпионатының финалына, кейін Азия ойындарының финалына дейін жетті.
Жаттықтырушысы Арманжан Рузахунов команда Азия ойындарына бірнеше кезең бойынша дайындалып, финалға шығуды мақсат еткенін атап өтті.
«Мерей жастар санатынан ересектер арасында енді ғана өнер көрсете бастады және бірден осындай нәтиже көрсетті. Әрине, біз алтын медаль күттік. Бірақ ол қолынан келгеннің бәрін жасады. Бұл біздің жолымыздың бастауы ғана деп ойлаймын. Алда бізді үлкен жеңістер күтіп тұр», – деді жаттықтырушы.

Қазір спортшыға қалпына келу кезеңінен өту қажет. Осыдан кейін команда жаңа маусымға дайындықты бастайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордалықтар бокстан Азиада чемпионы Айбек Оралбайды қарсы алғанын жаздық.