Астаналық триатлоншы Азия чемпионы атанды
Астаналық спортшы Диана Ержанова триатлоннан жасөспірімдер арасында тұңғыш Азия чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ол Гонконг қаласында өткен жасөспірімдер және U23 санатындағы Азия чемпионатында топ жарып, ел намысын абыроймен қорғады. Алтын алқа таққан Диананы Астана әуежайында спорт саласының мамандары, жақындары мен туыстары қарсы алып, құрмет көрсетті.

«Қазақстанның ақпараттық сайттарында өз есімімді көру – мен үшін үлкен қуаныш. Қазіргі сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл жеңіс – бапкерлерімнің ақыл-кеңесі мен маған артқан сенімінің нәтижесі. Жеңіс оңай келген жоқ», – деп жеңімпаз спортшы өз әсерімен бөлісті.
Бұл жеңіс – Қазақстан триатлоны тарихындағы маңызды белес. Диана жасөспірімдер арасынан шыққан алғашқы қазақ қызы ретінде Азия чемпионы атанып отыр.