Астанада оқушылардың зерттеуші қабілетін дамытуға бағытталған ғылыми кеңес құрылды

Астанада оқушылардың зерттеуші қабілетін дамытуға бағытталған ғылыми кеңес құрылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектебінде оқушылардың зерттеуші қабілетін дамытуға бағытталған Ғылыми кеңес құрылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Ғылыми кеңес құрамына мектеп басшылығы, ғылыми хатшы, жоғары оқу орындарының профессорлары мен доценттері, PhD докторлары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары, тәуелсіз сарапшылар, педагог-шеберлер және пәндік бағыттар бойынша тәжірибелі педагогтер енді. Кеңес төрайымы болып мектеп басшысы Нүсіпжан Жеңіскүл тағайындалды.

Ғылыми кеңестің алғашқы отырысында оның құрамы бекітіліп, жұмыс бағыттары айқындалды. Сонымен қатар кеңестің тұжырымдамасы талқыланып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Жаңа құрылым оқушылардың ғылыми жобаларын сапалы әзірлеуіне, зерттеу дағдыларын қалыптастыруына және ғылыми ізденістерін одан әрі дамытуына әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталады. Педагогтер үшін де ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіруге және тәжірибелі ғалымдар мен сарапшылардың кәсіби қолдауын алуға мүмкіндік беріледі.

Еске салсақ, елордалық оқушылар экосағатта суды тиімді пайдалануға қатысты ұсынысын ортаға салды