Астанада волонтерлер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты
Астанада 15 наурыз – Қайырымдылық жасау күніне орай еріктілердің қатысуымен игі акция ұйымдастырылды. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және «Сарайшық» ауданы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Аталған орталық құрамындағы Еріктілер қозғалысын дамыту бөлімі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мекемеде 8 мыңнан астам ерікті қызмет атқарады.
«Бүгін 15 наурыз – Қайырымдылық жасау күні, бұл күн қазақстандықтарды мейірімділік пен тату өмір сүруге, бейбітшілікке шақырады. Негізгі мақсат – еңбек адамдарына адал еңбектері үшін рақмет айту, кішкене болса да көңілдерін көтеру», – дейді Еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің бас маманы Айзат Али.
Акция аясында еріктілер коммуналдық қызмет жұмысшыларын ыстық бауырсақ пен шайдан дәм татқызды. Сонымен қатар еріктілер күрек алып, аумақты тазалауға атсалысты.

«Мен осы салада 10 жылдан бері жұмыс істеймін. Бізге еріктілер әрдайым қолдау көрсетеді. Олар мүмкіндігінше қолғабыс көрсетіп, тәттілер таратып, ықыластарын білдіреді. Мұндай шаралар бізге қуаныш сыйлайды және еңбегімізді бағалайтын адамдардың барын сездіреді», – дейді «Целина Сервис» коммуналдық қызметінің қызметкері Динара Қалиева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоғамда мейірімділік пен өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетуге бағытталған. Еріктілер алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы бар шараларды тұрақты түрде өткізіп, қоғамға пайдалы істерді жалғастыра бермек.