Астанада полиция дрон көмегімен көшелерді ластап жүргендерді анықтады
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында полиция абаттандыру ережелерінің бұзғандарды анықтауға заманауи цифрлық технологияланы қолданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылықты анықтау үшін Жедел басқару орталығының камералары және дрон белсенді пайдаланылады. Олар заңсыз қоқыс орындарын, оның ішінде қала шетінде орналасқан аумақтарда жедел анықтауға мүмкіндік береді.
«Ең жиі бұзушылық құрылыс нысандары маңында тіркеледі, мұнда құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылмай жиналып қалуы байқалады. Мәселен, елорданың бір ауданында, Көктал көшесі бойында тұрғын және өндірістік нысандар маңында осындай бірқатар проблема анықталған.
Әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылданды», делінген хабарламада.

Жыл басынан бері қалада абаттандыру ережесін бұзуға қатысты 19 мың факті тіркелген. Сонымен қатар, қалдықты белгіленбеген орындарға тастау деректері бойынша Астана қаласы Экология департаментіне шамамен 400 материал тиісті шара қабылдау үшін жіберілді.
Полиция тұрғындармен және экобелсенділермен бірлесіп, профилактикалық жұмысты да күшейтіп отыр. Құқық қорғау органдары абаттандыру ережелерін сақтау әрбір тұрғынның міндеті екенін еске салады.

Еске сала кетсек, автомобиль жолдарының жай-күйін бақылауға арналған жаңа буын дроны сынақтан өтті.