Астанада бұқаралық жарысқа қатысатындар Есілдің көрікті жерлерін жағалап жүгіреді

Астанада бұқаралық жарысқа қатысатындар Есілдің көрікті жерлерін жағалап жүгіреді
Фото: «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры

19 қыркүйекте Астананың Орталық саябағында қаланың тарихи бөлігін бойлай «Туризм — баршаға ортақ» бұқаралық жүгіру шарасы өтеді. Бұл бастама әлемнің әр түкпірінен қонақтар жиналатын Kazakhstan Travel Forum 2026 халықаралық форумының басты оқиғасының бірі болмақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жарысқа 700-ге жуық адам қатысады деп көзделіп отыр. Олардың қатарында кәсіби спортшылар да, арнайы дайындығы жоқ әуесқойлар да бар. Қатысушылар 5 шақырымда жүгіріп өтеді. Жүгіру бағыты Есіл өзенінің оң жағалаудың ең көрікті жерлер — тарихи-сәулет ескерткіштері, жасыл саябақтар мен елорданың бірегей келбетін айшықтайтын маңызды орындар арқылы белгіленген.

Тіркелген әрбір жүгірушіге жеке нөмірі, фирмалық су бөтелкесі және «Туристік Қамқор» мерейтойлық естелік медалі бар бастапқы жинақ беріледі. Сонымен қатар белсенді демалыс сүйер қауым үшін форум серіктестері атынан бағалы сыйлық ұтысы ұйымдастырылады. Олардың арасында Вьетнамға жолдама, Ыстанбұлға ұшақ билеті және Rixos Borovoe қонақүйінде демалу мүмкіндігі бар.

Жарысқа тіркелу іс-шараның сайтында жүргізіледі. 

Еске сала кетсек, сенбі күні 2 мыңға жуық желаяқ «JANA MEN KUZ RUN» бұқаралық жүгірісіне қатысты.