«Астана Тазалық» жүргізушілері жұмысқа кіріспес бұрын заманауи аппараттан тексерістен өтеді

«Астана Тазалық» жүргізушілері жұмысқа кіріспес бұрын заманауи аппараттан тексерістен өтеді
Фото: elordainfo.kz

«Астана Тазалық» ЖШС кәсіпорнының арнайы техника жүргізушілері жұмысқа шығар алдында заманауи автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесінен өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Таңғы және кешкі ауысымға шығатын қызметкерлер денсаулық көрсеткіштерін тексеру үшін мекемеге ертерек келеді.

Заманауи аппарат қызметкерлердің қан қысымын, көз қысымын тексеріп, алкогольдік ішімдік қолдану деректерін бірнеше минут ішінде анықтайды. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе денсаулық көрсеткіштері талапқа сай келмейтін қызметкерлердің жұмысқа шығуына жол бермейді.

Егер қандай да бір ауытқу тіркелсе, қызметкер қосымша тексеру үшін медицина маманына жіберіледі.

Мекеме мамандарының айтуынша, бүгінде ұйымда Med 360 және Adal Check атты екі медициналық тексеру жүйесі қолданылады. Екі құрылғы да Ресейде өндірілген.

«Ең басты артықшылығы – объективтілігінде. Автоматтандырылған жүйеге ықпал ету мүмкін емес. Соның арқасында денсаулығында кінәраты бар адамның жұмысқа шығу қаупі барынша азаяды», – деді кәсіпорынның Қауіпсіздік және еңбекті қорғау департаментінің бас маманы Ержан Бажаков.

Оның сөзінше, жүйе енгізілгелі медициналық тексеруден өту уақыты да айтарлықтай қысқарған.

«Бір тексеруден өтуге орта есеппен 1,5-2 минут кетеді. Қызметкерлер қысқа уақытта тексеруден өтіп, жұмысқа жедел кірісе алады. Техника шаршамайды, сондықтан тексеруден тәуліктің кез келген уақытында өтуге мүмкіндік бар», – деді ол.

Жабдықтардың қызмет ету мерзімі пайдалану жүктемесіне байланысты шамамен 5-10 жылға есептелген. Ал Adal Check жүйесі жалға берілетін құрылғыларды ұсынады. Қандай да бір ақау анықталған жағдайда, аппарат бірден ауыстырылады.

Автоматтандырылған жүйе болғанымен, қорытынды шешімді кәсіби медицина қызметкерлері қабылдайды. Олар тексеру барысында ұйым қызметкерлерімен тікелей байланысқа түспейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін қысы-жазы тынымсыз еңбек ететін қала тазалығының шебері Сүндет Қойбағаров туралы жазған болатынбыз.