Ақмола облысында Астана – Петропавл тасжолында бірнеше көлік соқтығысқан жол апаты болып, үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 1 қарашада Қоғам және Қаратал ауылдарының арасындағы тасжолда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі жол қоршауына соғылған. Кейін осы көлікке Kia Rio мен Chevrolet Cobalt автокөліктері келіп соқтығысқан. Осыдан соң Toyota жүргізушісі мен жолаушылардың бірі көліктен түсіп, жолдың жүріс бөлігіне шыққан. Сол сәтте оларды Geely автокөлігі қағып кеткені хабарланды.
Апат салдарынан екі әйел оқиға орнында көз жұмған. Кейін ауруханаға жеткізілген ер адам да басынан алған жарақаттарынан қайтыс болды. Тағы бес зардап шегуші ауруханаға жеткізілген.
Аталған оқиға бойынша Ақмола облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр», - делінген хабарламада.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескере отырып қауіпсіз жылдамдықпен жүруге, көлік арасындағы қашықтықты сақтауға және рөлде мұқият болуға шақырды.
Еске салсақ, Ақтау портында МАЗ жүк көлігі тепловозбен соқтығысты.