Әскери қызмет жастарды қалай шыңдайды

Әскери қызмет жастарды қалай шыңдайды
Фото: Үмітжан Ағадиевтің жеке мұрағатынан

Әскери қызмет – жастардың өмір жолында жауапкершілікті сезіндіріп, тәртіп пен мінезді қалыптастыратын маңызды кезең. Бұл – Отан алдындағы борышты өтеу ғана емес, сонымен қатар кәсіби және тұлғалық дамуға жол ашатын үлкен өмір мектебі.

Астанадан әскер қатарына шақырылған Үмітжан Ағадиев 25747 әскери бөлімі құрамындағы 390-шы теңіз жаяу әскер бригадасында бір жыл бойы қызмет атқарған. Ол бұл кезеңді өміріндегі ең маңызды тәжірибелердің бірі ретінде бағалайды.

«Мен Астана қаласынан әскер қатарына шақырылып, 25747 әскери бөлімі, 390-шы теңіз жаяу әскер бригадасы құрамында бір жыл бойы Отан алдындағы борышымды абыроймен өтедім. «Александр Невский» және «Михаил Кутузов» ордендерімен марапатталған даңқты бригадада қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Бала кезімнен әскери адам болуды армандадым. Әскерге бару – менің ең үлкен қызығушылығым болды.

Әскери қызмет барысында Сағадат Нұрмағамбетовтің кітабын оқып, ондағы «мен отбасымдағы алғашқы офицер болдым» деген ой мені ерекше әсерлендірді. Сол сәтте өзіме мақсат қойып, офицер болуға бел будым. Қызмет барысында сержанттар мен офицерлер мені үнемі оқуға ынталандырып отырды. Сол қолдаудың арқасында әскерден кейін бірден университетке түстім. Қазір әскери заңгер мамандығы бойынша білім алып жатырмын.

Әскери қызмет маған тәртіп, шыдамдылық және жігер берді. Ақтаудағы теңіз жаяу әскеріндегі жаттығулар, жедел жорықтар мен түнгі дайындықтар мен үшін үлкен тәжірибе болды. Взвод командирі ретінде де қызмет атқардым. Ең бастысы – 18 жастан кейін әрбір азамат әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуі керек деп есептеймін. Бұл тек міндет емес, болашаққа ашылған мүмкіндік», – деді әскери борышын өтеп келген азамат Үмітжан Ағадиев.

Кейін ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызметін жалғастырып, тәжірибесін одан әрі толықтырған.

Вадим Фисюков 21450 әскери бөлімі құрамында, 12-ші танк бригадасының зениттік дивизионында 2022-2023 жылдары атқыш-зенитші ретінде қызмет еткен. Оның айтуынша, армия оның өміріндегі тұлғалық қалыптасудың маңызды кезеңі болған.

Фото: Вадим Фисюковтің жеке мұрағатынан

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде мен 2022-2023 жылдары 21450 әскери бөлімінде, 12-ші танк бригадасының зениттік дивизионында атқыш-зенитші ретінде қызмет еттім. Бұл кезең менің тұлға ретінде қалыптасуымдағы маңызды кезең болды. Әскер мені тәртіпке, жауапкершілікке, ұжыммен жұмыс істеуге және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға үйретті.

Қызмет барысында жеке құрамға қойылатын талаптың жоғары екенін, әділ көзқарас пен қызметтің нақты ұйымдастырылуын көрдім. Қызмет аяқталғаннан кейін мен А.К. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтына және Қ. Құлажанова атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің әскери кафедрасына оқуға түстім. Қазіргі таңда мен взвод командирімін, қарамағымда 14 адам бар. Әскерде алған тәжірибем маған оқуымда да, жеке құраммен жұмыс істеуде де үлкен көмегін тигізіп отыр. Әскери кезең мен үшін нағыз өмір мектебі болды», – деді Вадим Фисюков.

Әскери қызмет – әр азаматтың өміріндегі жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды айқындайтын маңызды кезең. Ол тек кәсіби тәжірибе немесе уақытша міндет емес, елге деген адалдықты іс жүзінде дәлелдейтін азаматтық борыш.

Әскери қызметтің маңызы туралы жастар арасында да оң пікір қалыптасқан. Әсіресе, өскелең ұрпақ әскери саланы тәртіп пен елге қызмет етудің маңызды мектебі ретінде қабылдайды.

№106 мектептің 11 «Б» сынып оқушысы Иса Ахметжан әскери өмірге деген қызығушылығы бала кезінен басталғанын айтады.

Фото Иса Ахметжанның жеке мұрағатынан

«Әскери өмір адамға ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікті үйретеді деп ойлаймын. Сонымен қатар ол шыдамдылыққа, батылдыққа және қандай қиындық болса да, мойымауға тәрбиелейді. Әскерде адам физикалық тұрғыдан ғана емес, мінезі жағынан да шыңдалып, мықты бола түседі. Ең бастысы – Отанды құрметтеуді, елді қорғаудың маңызын терең түсінеді.

Әскери қызметкерлер – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын жандар. Сондықтан олардың еңбегін әрдайым құрметтеймін. Менің әскери өмірге деген қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Әсіресе, әскери фильмдерді көріп, сарбаздардың дайындығы мен олардың тәртіпке бағынған өмірін байқаған сайын бұл салаға деген қызығушылығым арта түсті», – деді Иса Ахметжан.

Жастардың әскер қатарында шыңдалуы олардың тәртіпті, төзімді, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Әскери ортада қалыптасатын бірлік, тәртіп және командалық рух – өмірдің кез келген кезеңінде қажет болатын құндылықтар.

Осы тұрғыдан алғанда, әскери қызмет атқару – әрбір қазақстандық азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышы. Бұл міндетті өтеу арқылы жас ұрпақ ел қауіпсіздігіне үлес қосып қана қоймай, өз болашағын да айқындайды.