Ақмола облысында көктемгі су тасқынының шарықтау кезеңі аяқталды. Соның нәтижесінде өңірдегі ірі су қоймалары 100%-ға толды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қазір су қоймаларында жалпы 670 млн текше метр су жиналды. Атап айтқанда, Астана су қоймасында 412,82 млн текше метр, Сілетіде 230 млн текше метр, ал Шағалалыда 28 млн текше метр су бар.
Биыл Ақмола облысының ірі өзендері бассейндерінде көктемгі су тасқыны наурыз айының үшінші онкүндігінде басталған болатын.
Еске салайық, бұған дейін Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау үшін 6,3 млрд текше метр су жіберілгені туралы жаздық.