Антифрод-орталық екі жылда 117 млрд теңгенің ұрлануына жол бермеді
Ұлттық Банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті директорының орынбасары Әсем Мадиярова Ұлттық антифрод-орталықтың екі жылдық жұмысының қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, Ұлттық антифрод-орталығы жұмысын 2024 жылғы шілдеде бастады. Қазір оның жұмысына банктер, төлем ұйымдары, мемлекеттік және құқық қорғау органдары, байланыс операторлары мен басқа да ұйымдардан тұратын 200-ден астам қатысушы жұмылдырылған.
«Жүйе алаяқтардың алғашқы қоңырауы немесе хабарламасынан бастап ұрланған ақшаны аудару не қолма-қол ақшаға айналдыру әрекетіне дейінгі бүкіл оқиға тізбегін бақылауға мүмкіндік береді. Орталыққа қатысушылар қаражаттың ұрлануына жол бермеу үшін нақты уақыт режимінде күмәнді операциялар туралы ақпарат алмаса алады. Екі жылда 180 мыңға жуық күмәнді оқиға тіркелген. Банктер 117 млрд теңгеден астам қаражаттың қолды болуына жол бермеді. Зардап шеккен азаматтарға 578,5 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды», - деді ол.
Бүгінде Антифрод-орталық қатысушылардың тәулік бойы ақпарат алмаса алатын бірыңғай алаңға айналды.
«Бұрын бұл процесс бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін уақыт алатын. Шоттағы операцияларды шектеп, алаяқтардың жолын кесу үшін күдікке ілінген және алаяқтық жасағаны расталған адамдардың тізімдері жасалды. Қазір Антифрод-орталықтың дерекқорында «сұр тізімге» енген, яғни күдікке ілінген 30 мыңнан астам адам бар. Ал алаяқтық жасағаны расталып, «қара тізімге» енгізілгендердің саны 13 мыңнан асады. Сонымен қатар қаржы ұйымдарының зардап шеккен азаматтар алдындағы жауапкершілігі күшейді. Енді Антифрод-орталықтың «қара тізімінде» бұрыннан тұрған алаяқтың шотына төлем жасалып, ақша аударылса, қаржы және төлем ұйымдары келтірілген шығынды өздері өтеуге міндетті болады», - деді Әсем Мадиярова.
Одан бөлек, Антифрод-орталық ақшаны алаяқтар шығарып үлгермей тұрып бұғаттап тастауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ енді бұғатталған қаражатты зардап шеккен адамға қайтару үшін сотқа жүгінудің қажеті жоқ: ақша прокурормен келісілген құқық қорғау органының қаулысы негізінде қайтарылады.
«Шотқа шектеу қойылса да, кей қызметтер қолжетімді болады. Клиент Антифрод-орталықтың дерекқорына енгізіліп, оның шотына шектеу қойылса, банк бұл туралы міндетті түрде хабардар етуге тиіс. Соған қарамастан, азамат ресми көздерден түсетін қаражатты пайдалана алады. Олардың қатарына жалақы, зейнетақы, шәкіртақы және жәрдемақы жатады. Сондай-ақ ол кредиттерін өтеп, салық, айыппұл және басқа да міндетті төлемдерді төлей алады. Айта кетейік, биылғы жылдың ортасынан бастап Антифрод-орталыққа кредиттік бюролар қосылды. Олар азаматтың бір сағат ішінде екі немесе одан да көп қаржы ұйымына кредит немесе микрокредит алуға өтінім бергені туралы ақпаратты жолдайды. Мұндай белгі банктер мен микроқаржы ұйымдарына қосымша тексеру жүргізіп, алаяқтардың ықпалымен кредит рәсімдеуге тосқауыл қоюға мүмкіндік береді», - деді спикер.
Ол сондай-ақ алдағы уақытта транзакциялар мен күмәнді оқиғаларды талдау, алаяқтықтың жаңа тәсілдерін анықтау үшін жасанды интеллектіні пайдалану жоспарда бар екенін айтты.
Еске салсақ, Астанада алаяқтардың қоңырауларын бұғаттайтын Anti Call-орталығы іске қосылды.