Биылғы тоғыз айда прокуратура органдарының қабылдаған шаралары нәтижесінде 917 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Сонымен қатар бұрын жұмыстан шығарылған 18 адам қызметіне қайта орналасты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бұл жұмыстар Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен құқықтық ұстанымдарын іске асыру аясында жүргізілген.
Есепті кезеңде прокурорлық қадағалау және ден қоюдың 130 актісі енгізіліп, азаматтарға жалпы сомасы 1 883 045 теңге өтелген. Сондай-ақ жұмыста үш сағаттан астам уақыт болмағаны үшін бұрын жұмыстан шығарылған 18 адамның еңбек құқықтары қалпына келтірілген.
Шетелге көшкен азаматтың зейнетақысы қалпына келтірілді
Конституциялық Соттың 2026 жылғы 18 мамырдағы №79-НҚ нормативтік қаулысында Қазақстаннан тыс жерде тұрудың өзі заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда жасына байланысты және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартуға немесе оларды тоқтатуға негіз бола алмайтыны түсіндірілген.
Осы қаулыны іске асыру барысында Жетісу облысының прокуратурасы Қазақстан азаматының шетелге тұрақты тұруға көшуіне байланысты зейнетақы төлемдерінің тоқтатылғанын анықтады.
Прокурорлық шаралар нәтижесінде азаматтың құқықтары толық қалпына келтірілді.
Бұдан бөлек, 18 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы аталған нормативтік қаулыға негіз болған өтініш иесінің талап қоюын қанағаттандырды.
Сот актісі зейнетақы төлемдерін жүзеге асыратын орталықтың тиісті бөлімшесіне орындауға жолданды. Ал прокуратура «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын түсіндіретін хат жіберіп, мәселені толық орындалғанға дейін бақылауға алды.
Жеке сот орындаушылары заңсыз өндірген қаражат қайтарылды
Конституциялық Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы №86-НҚ нормативтік қаулысында баламен қарым-қатынас жасау тәртібіне қатысты сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату кезінде сот шешімі өз пайдасына шығарылған ата-анаға негізсіз қосымша шығындар жүктеуге жол берілмейтіні көрсетілген.
Осы құқықтық ұстанымды іске асыру барысында Шымкент қаласының прокуратурасы сот шешімі өз пайдасына шығарылған ата-аналардан жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы заңсыз өндірілгенін анықтады.
Қабылданған шаралар нәтижесінде үш азаматқа 249 750 теңге қайтарылды.
Осындай заң бұзушылықтар Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында да анықталған. Прокурордың наразылығы бойынша заңсыз қаулының күші жойылып, жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр
Бас прокуратураның мәліметінше, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаумен қатар, Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде.
Биылғы тоғыз айда өңірлерде 32 семинар, 131 кездесу, 48 дөңгелек үстел өткізіліп, 183 дәріс оқылған. Сондай-ақ 46 ақпараттық хат жолданған.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде 522 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 116 материал жарияланған.
Ведомство Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын іске асыру азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге, заңнамадағы олқылықтарды жоюға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 107 жұмыскерге үстемеақы төленбей келгенін хабарлаған едік.