20 маусымда жоғары оқу орындарында құжат қабылдау науқаны басталады

20 маусымда жоғары оқу орындарында құжат қабылдау науқаны басталады
Фото: magnific.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі 20 маусымнан бастап еліміздің барлық жоғары оқу орындарында қабылдау комиссияларының жұмысы басталатынын жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰБТ тапсырып, мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуды жоспарламайтын талапкерлер 20 маусымнан бастап өздері таңдаған жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін құжатын тапсыра алады.

«Мемлекеттік білім беру грантын алуға үміткер талапкерлер үшін гранттар конкурсына қатысуға өтініш 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Осы кезеңде талапкерлер өздері оқуға түскісі келетін білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарын таңдайды.

Мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуға өтініш талапкер таңдаған жоғары оқу орнына қарамастан кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Талапкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында өтінішті жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы және eGov электрондық үкімет порталы арқылы онлайн форматта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған», делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа жоо-ларға 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық»  даярлау бағыты бойынша – 75 балл. Бұл ретте «Қазақстан тарихы» және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәні бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет. Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламасының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алады.

Мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.