Жеңіс Қасымбек: Келесі жылы eкінші кәріз-тазарту құрылғысы құрылысын бастаймыз
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Үшінші сорғы-сүзгі станциясынның іске қосылуы және Астана су қоймасынан екінші су құбыры желісінің құрылысы аяқталуының арқасында қалаға тәулігіне 70-80 мың текше метрден астам су жіберуге мүмкіндік жасады.
Келесі жылы Нұра жерасты су көзінен су құбырының құрылысын және «Тельман» сорғы станциясын кеңейтуді бастаймыз.
Ұзақ мерзімді шаралар аясында Сәтбаев атындағы арнадан жаңа су құбыры жобаланып отыр. Осы жобаларды іске асыру қаланы 2035 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су бұру проблемасын шешу үшін 2025 жылы өнімділігі тәулігіне 188 мың текше метрді құрайтын КОС-2 құрылысын бастау жоспарланып отыр», - деді Ж.Қасымбек.
Қала әкімі сенімді су бұру ісін қамтамасыз ету мақсатында екі тұрғын алапта және Индустриялық парк ауданында жалпы қосымша қуаты тәулігіне шамамен 85 мың текше метр болатын үш жергілікті тазарту құрылысының жобалары әзірленіп жатқанын айтты.