00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Тәуелсіздер»: Астанада есірткіге қарсы күрес туралы драма ұсынылды

«Тәуелсіздер»: Астанада есірткіге қарсы күрес туралы драма ұсынылды
фото: Астана қаласы әкімдігі

М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында нашақорлықтың алдын алуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға арналған «Тәуелсіздер» деректі драмасының премьерасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қойылым елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана - есірткісіз қала» акциясын іске асыру шеңберінде ұсынылды.

Премьераға елорда әкімінің орынбасарлары Есет Байкен мен Ерік Мейірханов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, қалалық басқармалардың өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

«Есірткіні қолданудың қайғылы салдарын жастарға жеткізу үшін есірткі бизнесіне қарсы насихаттың кез келген түрін қолдану қажет. Бұл жағдайда - театр. Яғни, мұнда адамдар көп жиналады. Менің ойымша, жастар тағылымды спектакльді тамашалайды», - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Деректі драма белгілі бір себептермен тәуелділікке ұшыраған адамдар туралы болды. Көрермен өзін-өзі құрдымға жіберген, қынжылтатын алты оқиғаны көрді.

«Сценарий жазу кезінде мен көптеген эмоцияны бастан өткердім. Бұл ашулану және үмітсіздік. Есірткіге тап болған және өмірін құртқан адамдардың алты шынайы оқиғасы көрерменге есірткінің зұлымдық екенін анық көрсетуі керек», - деп атап өтті деректі драманың режиссері Олег Федоренко.

Драма нақты оқиғаларға негізделген. Жас режиссер шығармашылық объективі арқылы өз өмірі туралы ойлануға мәжбүр ететін және рухани құндылықтар мен моральдың өткір мәселелерін көтеретін оқиғаларды жеткізді.

«Тәуелсіздер» деректі драмасы – бұл жай ғана спектакль емес, ол жас ұрпақты зиянды тәуелділіктен қорғауға және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған.