«Құтқару дағдысы – балалық шақтан»: Астанада оқушыларға алғашқы көмек көрсетуді үйретті


Балаларға төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйрету – болашаққа жасалған инвестиция. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Астана қаласының жедел жәрдем станциясында өткен ерекше тағылымды шара осыны тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқушылар мен олардың ата-аналарына арналған бұл тәжірибелік сабақ алғашқы медициналық көмектің негізгі қадамдарын үйретуге бағытталды. Мамандар балаларға жарақат алған адамға көмек көрсету, жедел жәрдем шақыру тәртібі, ес-түссіз жатқан адамға алғашқы көмек көрсету секілді өмірлік маңызды дағдыларды түсінікті тілмен жеткізді. Оқушылар тек тыңдап қана қоймай, арнайы жабдықтар арқылы оны іс жүзінде орындап көрді.
Көпбалалы ана Айман Молданазарова шараның маңызын ерекше атап өтті:
«Бүгінгі сабақ өте әсерлі өтті. Балаларымызға алғашқы көмекті қалай көрсету керектігі түсінікті әрі нақты жеткізілді. Бұл тек бүгін үшін емес, ертеңгі күн үшін де аса қажет білім. Себебі әрбір ата-ананың арманы – баласының амандығы. Осындай бастамалар жиі өтіп тұрса екен. Ұйымдастырушылар мен дәрігерлерге алғысым шексіз!» – дейді ол.
Балалар да өз пікірлерін білдіріп, үйренген дүниелерін бөлісті.
8 жастағы Мерей Назирахмет:
«Бүгін мен өзімді батырдай сезіндім. Егер біреу жарақат алса, не істеу керектігін үйрендім. Міндетті түрде үлкендерді көмекке шақырып, 103-ке хабарласамын. Бұл – мен үшін өте маңызды сабақ болды», – дейді балғын.
Ал 13 жастағы Керімсал Булекбаев бұл күнді ұзақ ұмытпайтынын айтты:
«Біз тек тыңдап қоймай, бәрін өз қолымызбен жасап көрдік. Жара таңу, тыныс алмай қалған адамға көмектесу сияқты нәрселерді үйрендік. Бұрын қорқатын едім, енді сенімдірекпін. Мұндай сабақтар жиі болса екен деймін – бұл біздің өміріміз үшін маңызды», – дейді ол.
Адам өмірін сақтап қалуға себеп болатын білім кейде дәл осындай қарапайым, бірақ пайдалы сабақтардан басталады. Балалар қауіпсіздігі – тек ата-ананың емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Ал бүгінгі шара – сол міндеттің орындалуына жасалған сенімді қадам.
Ақнұр Тұяқбай