Баспасөз турында мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы талқыланды
Елордада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткен баспасөз турына бұқаралық ақпарат құралдары және медиа өкілдері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай ашты. Ол бүгінгі іс-шараның негізгі мақсатымен таныстыра отырып, агенттік қызметінің басты бағыттары, отандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасын іске асыру мәселелері туралы айтты.
«Біздің мақсатымыз - мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету. Осыған байланысты бүгінгі баспасөз турында масс-медиа өкілдерімен жыл бойғы жұмыс қорытындысы мен атқарылған істердің нәтижелерін бөлісіп қана қоймай, Президенттің Жарлығымен бекітілген 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын таныстыруды мақсат тұттық.
Президент жастар резервіне 400 адам қабылданып, оның 315-і жұмысқа орналастырылды. Өңірлік резервте 505 резервшіміз болса, қыркүйек айынан бері олардың 54-ін жұмыспен қамтыдық. Алдағы уақытта жоғары оқу орындарын бітірген түлектеріміз де ауылдық, аудандық, облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа тікелей орналастырылатын болады. Осыған дейін олардың 425-і лауазымдарға тағайындалды.
Ендігі жүзеге асыратын жұмысымыз - аталған концепцияға байланысты жаңа заң жобасын қоғаммен бірге талқылау», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай.
Бұдан соң презентация мемлекеттік қызметтің гибридті моделі негізінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, персоналды бейімдеу, ынталандыру бойынша HR-процестерді жетілдіру жоспарлары мәселелеріне ойысты.
Агенттік төрағасының айтуынша, бұл шаралар мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында жоспарланған және оларды іске асыру бойынша белсенді жұмыстар басталып кетті.
Сондай-ақ агенттік өкілдері мемлекеттік қызметке іріктеу және оны өткеру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту саласындағы жетістіктер туралы ақпарат ұсынды.
Баспасөз туры барысында мемлекеттік қызметке онлайн-іріктеуді жүргізуге мүмкіндік беретін eQyzmet сыртқы порталының жұмысы таныстырылды. Агенттіктің мәліметінше, бүгінгі күні 44 мемлекеттік органда «eQyzmet» жүйесінің сыртқы порталы арқылы мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін жаңа форматтағы іріктеу жүйесін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік органдарда енгізу жоспарланып отыр. Аталған мемлекеттік органдардың бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстарға қатысу үшін үміткерлер өтінішін eQyzmet.gov.kz сайты арқылы әлемнің кез келген нүктесінен электронды түрде бере алады.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталу мәселелері туралы айтылды. Мәселен, бүгінгі күні 1862 мемлекеттік қызметші икемді жұмыс кестесін, қашықтан және аралас қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін қолданатыны аталып өтті. Оның ішінде әйел адамдарға ыңғайлы болу үшін жұмысқа ерте келгеніне сәйкес ертерек шығуға, керісінше жұмыс күнін сәл кейін бастаса, соған орай кейінірек шығуға түсіністік танытылғаны айтылды.
Іс-шараға қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге арналған медиа-орталық жұмысымен танысты. Сонымен қатар «Жаңа формация басшысы» саяси мемлекеттік қызметшілерге арналған оқыту курсының өту барысын көрді. Жаңа формация басшыларына әділдік, ашықтық, мемлекетшілдік және халыққа адал қызмет ету қағидаттарын сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді. Жалпы, қайта даярлау бағдарламасын іске асыру жаһандық пайымдау, стратегиялық ойлау және көшбасшылық сынды құзыреттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.
Баспасөз турына қатысушылар агенттік пен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тарихи мұражайы, цифрлық коворкинг-залы, кітапхана жұмысына тәнті болды.
«Биыл академияның 30-жылдығының аясында мемлекеттік қызмет істерінің даму тарихы бойынша музей жасақтадық. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекеттік аппаратты құру, білікті мамандарды осы салаға тарту, оларды кәсібилендіру өзекті болды. Осыған байланысты әр кезеңдерде саясы шешімдер шығарылды. Сол саяси шешімдерді, жарлықтарды, қабылдауларды, бұйрықтарды жинастырып көрсеттік. Жалпы, осы қабырғада білім алып жүрген тыңдаушыларымыз болсын, магистрант, докторанттарымыз болсын, музей арқылы тарихымызды білсін, сол тарихты жалғастырушы ретінде ізденсін деген ниетпен интеллектуалды жады қалыптастырдық», - деді Президент жанындағы мемлекеттік басқару академисының ректоры Ерлан Әбіл.
Іс-шара соңында қатысушыларға «Әділетті Қазақстан - Адал азамат» мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тұлғалық болмысы туралы жаңа кітап таныстырылып, агенттік төрағасы жаңа тұжырымданы жүзеге асыруда БАҚ өкілдерін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.