JolTap жобасына алғысым шексіз – астаналық қатысушы


JolTap жобаcы аясында біліктілігін арттырып, мамандық игергендердің бірі – 25 жастағы астаналық Ақбота Дүйсенбаева. Қаржы маманы білімін арттырып, «Бухгалтерлік негіздері» курсын оқып, енді осы дағдыны пайдаға жаратып, жұмысқа тұруды жоспарлап отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мен 2018 жылы Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғарғы колледжін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдадым. Қазір бала күтіміне байланысты декреттік демалыстамын. JolTap жобасы жайлы Instagram-нан көрдім. Мамандықты аз уақыт ішінде тегін оқытатыны жазылған. «Неге оқымасқа?» деген қызығушылық болды. Содан келесі күні Астанадағы модульдік пунктердің біріне бардым. Мұнда мамандар барлық ақпаратты түсіндіріп айтып берді. Кейін мен «Бухгалтерлік негіздері» курсына жазылдым. Арада көп уақыт өтпей, курсты бастап кеттім», - деді ол.
Оның айтуынша, сабақ офлайн форматта өтеді.
«Бізде сабақ күн сайын болды. Мұнда арнайы мамандар бухгалтерия негіздерін, "Бухгалтерия 1С" бағдарламасын жан-жақты түсіндірді. Кейін практика жүзінде тапсырмалар орындадық. Сабақ барысында оқытушылар ақпараттарды қарапайым тілде түсіндірді әрі сауалдарымызға жауап берді», - деді жобаға қатысушы.
Сондай-ақ ол жобаға қатысты пікірін білдірді.
«Жобаның арқасында мамандығым, яғни қаржы саласын қайта бір оқуға мүмкіндік болды. Алдағы уақытта мамандығым бойынша жұмысқа орналасамын. Курсты аяқтаған соң, емтихан тапсырып, жоғары балл жинадым. Кейін ұйымдастырушылар сертификаттар табыстады. JolTap жобасына алғысым шексіз. Бұл - білім аламын деуші жастарға үлкен мүмкіндік. Әр сабақ өте қызықты өтті. Бастысы - өте пайдалы. Бұл жобаның көпке пайдасы мол. Себебі қатысушы аз уақытта тегін жаңа кәсіп түрін үйрене алады. Сондай-ақ қосымша біліктілігін арттырады», - деді Ақбота Русланқызы.
Айта кетейік, Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен және «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының қолдауымен JolTap жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оған қатысуға ниет білдірген кез келген қала тұрғыны үшін жоба қолжетімді. Мұндағы негізгі мақсат – олардың табысын арттыруға жағдай жасау. Сол арқылы астаналықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етпек.
Жоба аясында көптеген азамат тегін қысқамерзімді курстардан өтіп, жаңа кәсіп түрін игеріп жатыр. Ауқымды жоба арқасында жастар екі қолға бір күрек тауып, техникалық мамандықтар мен цифрлық саланың тілін меңгеріп жатыр. Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.
Елордада жұмыс іздеп жүргендер үшін Telegram-бот және «Баршаға Мүмкіндік» модульдік пункттері жұмыc іcтейді.



