Ерлан Каналимов апаттық жағдайдағы үйлерді қамтитын карта жасауды тапсырды

9 желтоқсан, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Ерлан Каналимов апаттық жағдайдағы үйлерді қамтитын карта жасауды тапсырды
фото: Ерлан Каналимов/Instagram

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов апаттық жағдайдағы үйлерді қамтитын карта жасауды тапсырды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шамамен бір жыл бұрын елорданың жаңа бас жоспары бекітілді. Бұл стратегиялық құжат елорданың 2035 жылға дейінгі қала құрылысы дамуының негізгі бағыттарын айқындайды.

Қазіргі уақытта қалалық ортаны жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасы іске қосылды. Бас жоспарға сәйкес, Байқоңыр ауданында 5200 орынға арналған 3 мектептің, 2600 орынға арналған 11 балабақшаның және 2 Оқушылар сарайының құрылысы жоспарланған. Бас жоспарда қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше назар аударылады.

«Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына «Астанагенпланмен» бірлесіп, әр ауданға арналған алты карта әзірлеуді тапсырдым. Бұл карталарда «қызыл сызықтар» аймақтары, басқармалар мен аудан әкімдіктері аппараттарының жол жөндеу саласындағы жауапкершілік шекаралары көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар, апаттық жағдайдағы үйлерді қамтитын карталарды дайындау қажет. Жаяу жүргіншілер жолдарының астына инженерлік желілерді жобалау және орналастыру бойынша нормативтік құжаттарды жаңарту міндеті қойылды», - деп жазды Ерлан Каналимов.