Елорданың “Алматы” ауданында үш аула абаттандырылып, пайдалануға берілді


1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласы “Алматы” ауданында үш ауланың абаттандыру жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Жобалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асқан, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі.
Салтанатты шара Тәуелсіздік даңғылы, 34/1 мекенжайында өтті. Сонымен қатар Абылай хан даңғылы, 19 және 19/3 мекенжайларындағы аулалар да толық абаттандырылып, тұрғындар пайдалануына тапсырылды.
Абаттандыру жұмыстарының барысы туралы “Алматы” ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің басшысы Данияр Қожахметов былай деді:
«Бүгінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай үш аула ел игілігіне берілді. Биыл “Алматы” ауданында жалпы 15 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстардың қатарында футбол алаңын қалпына келтіру, балалар алаңын орнату, брусчатка төсеніштерін ауыстыру, ағаш отырғызу, орындықтар мен урналар қою, шағын сәулет нысандарын жаңарту сынды жұмыстар бар».
Аула тұрғындары да аумақтың жай-күйінің жақсарғанын оң бағалап отыр. Солардың бірі - Күлән Бекова:
«Бұл кешенге көшіп келгенімізге бір жыл болды. Аула қазір өте жайлы, кешке балаларымызбен серуендейміз. Балалар алаңы мен демалыс орындары өте ыңғайлы. Жасалған жұмыстар көңілден шықты. Әкімдікке алғысымызды білдіреміз», - деді Тәуелсіздік даңғылы, 34/1 мекенжайы тұрғыны.
Жаңартылған аулаларда балаларға арналған ойын кешендері, спорттық алаңдар орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына жағдай жасалған. Сондай-ақ мерекелік күні балаларға арналған аниматорлық бағдарлама ұйымдастырылды.
Абаттандырылған аулалар тек балалар үшін қуанышты сәт емес, ауданның инфрақұрылымдық дамуы жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Автор: Аяна Қабылбекова