Елордалық мектептерде тазалық челленджі басталды
Бүгін Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза мектеп» челленджі басталды, деп хабарлады Elorda.info.
Аталмыш челлендж қаладағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы №34 орта мектептен бастау алды. Мұнда мектеп қызметкерлері жаңа оқу жылына дайындық ретінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Ал Jasyl еl жасағының волонтерлері мектептің ауласында ағаштарды суарып, қоқыстан тазартты.
Айта кетейік, биыл бұл екі қабатты білім ошағының ауласына 200 түп ағаш отырғызылды.
«Бұл іс-шараның мақсаты 2024-2025 жаңа оқу жылына ағымдағы жөндеу және тазалық жұмыстарын жандандыру. Бұл акция барлық мемлекеттік мектептерде жүргізіледі.Оған мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысып, білім ошақтарының ауласын көгалдандыруға өз үлестерін қосады»,- деді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.
Білім басқармасы өкілінің айтуынша, бұл игі шара жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.