Елордада жазушы Сәдібек Түгелдің жаңа кітаптарының тұсауы кесілді

Елордада жазушы Сәдібек Түгелдің жаңа кітаптарының тұсауы кесілді
Фото: Қалиакбар Үсемханұлы

Астанада жазушы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәдібек Түгелдің «Мыңбасы», «Джики» кітаптарының тұсауы кесілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Қаламгердің 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен мәдени іс-шараға Парламент депуттары, ақын-жазушылар, тілшілер қатысты.

«Мыңбасы», «Джики» кітаптарында қаламгердің әдеби көркем шығармалары қамтылған. Бұған дейін де «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!», «Қазанат», «Ертуған», «Бүркіт – Ұлы даланың символы», «Астана хикаялары» сияқты еңбектері арқылы ұлттық тақырыптағы зерттеулер мен көркем туындыларды оқырманға ұсынған Сәдібек Түгел шығармашылығында жылқы мәдениеті, ұлттық мұра, тарихи тұлғалар мен қазақ даласының болмысы ерекше орын алады.

«Жазушылық жолымды журналистика саласында 5-сынып оқып жүрген кезімде бастасам, жаңа Астана менің әдеби жасампаздығыма кең жол ашты. Қолым қалт етсе жазу үстеліме қарай асығып, қаламымды алып, елордаға арналған әңгімелерім мен повестерімді, кітаптарымды жаздым. Әсіресе 2005 жылдан бері жүйелі түрде шығармашылық жұмыспен айналысып келемін. Қазірге дейін 20-дан астам кітап жазыппын. Қолжазба қалпында жазылып, дайын тұрған шығармаларым да бар. Сол жазып жүрген әдеби шығармам топтасқан екі кітап 70 жасқа жеткенде жұртпен жүздесіп отыр. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» дегендей, қалам қарымымызың жеткенінше жаздық, ал оның бағасын уақыт пен оқырман береді», – деді автор.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ