Елордада «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары өтеді
Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында Астанада «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындары өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара 3 қазан күні сағат 11:00-де елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында салтанатты түрде ашылады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты мәлімдеді.
Аталмыш ойындарға 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысады, олар жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: бес тас, асық ату және тоғыз құмалақ сияқты спорттың жеті түрінен сайысады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар саны 700-ден астам: 500-ден астам бала бар, сол сияқты жаттықтырушылар мен ата-аналар бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша іс-шараның негізгі міндеті – балалардың спортқа деген қызығушылығын ояту, салауатты өмір салтын ұстануға, олардың спорттық әлеуетін дамытуға және физикалық, интеллектуалдық шектеулерге қарамастан жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ету. Сонымен қатар, ойындар мүмкіндігі шектеулі балалардың алдында тұрған мәселелерге қоғамның назарын аударады.
Ауқымды шараға тоғызыншы жыл қатарынан басты демеуші ретінде BI-Group Холдингі қызметкерлері қолдау көрсетіп отыр.
Биыл ойындардың өтуіне МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетімен қатар, ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті, «Жұлдызай және К» Қоғамдық қоры, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы да атсалысуда.
Бұл жыл сайынғы спартакиада алғаш рет 2022 жылы «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары ретінде жаңа форматта ұйымдастырылды.
2024 жылдың сәуір-маусым айларында республиканың барлық өңірлерінде төрешілер командасы мүшелерінің қатысуымен бірінші іріктеу туры өтті.
Енді «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарының екінші кезеңі осы жылдың 3-5 қазан арасында Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек cарайында, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде, «Sairan Arena» спорт клубында және Паралимпиада жаттығу орталығында өткізіледі.
Ойындардың жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау аталған ұйымдарда Паралимпиялық чемпиондардың және ресми тұлғалардың қатысуымен ұйымдастыру жоспарланып отыр.