Елордадағы жәрмеңкеде екі өңірдің шаруалары 650 тоннадан аса өнім ұсынады

Бүгін, 09:01
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views47
Елордадағы жәрмеңкеде екі өңірдің шаруалары 650 тоннадан аса өнім ұсынады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада 13-14 қыркүйек күндері кезекті аймақтық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл жолы Қызылорда және Ақтөбе облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жәрмеңкеде аталған өңірлердің шаруалары ет, балық, сүт, бақша өнімдері, бакалея, көкөніс пен жеміс-жидек сынды түрлі тауарды ұсынады. Барлық өнім тікелей фермерлерден жеткізіледі. Бұл – азық-түліктің қолжетімді болуына әрі отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.

Астанаға 650 тоннадан астам өнім әкелінеді. Оның ішінде 210 тонна бақша дақылдары, 200 тонна бакалея өнімдері, 90 тонна ет пен ет өнімдері, 60 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 24 мың дана жұмыртқа, 22 тонна балық, 17 тонна сүт өнімдері, шамамен 30 тонна өзге де азық-түлік бар.

Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары өңірлік шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасын тамашалай алады. Жәрмеңке сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Айта кетейік, биылғы жәрмеңке «Қазанат» ипподромы автотұрағы аумағында (Қарқаралы тасжолы, 1) өтіп жатыр. Іс-шараға қатысушылардың ыңғайлығы үшін №18, №37 және №303 автобустар қатынайды.