Елордада оқушылар арасында сурет салудан байқау өтті

25 сәуір, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елордада оқушылар арасында сурет салудан байқау өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің маңындағы Ұстаздар аллеясында оқушылар арасында сурет салудан байқау өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Оған 30-ға жуық өнерпаз оқушы қатысты.

«Жыл сайын өткізілетін байқаудың осы жылғы тақырыбын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына арнауды жөн санадық. Табиғат аясында сурет салу арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, сол арқылы қоршаған ортаға жанашыр болуға шақыру – басты мақсатымыз», - деді қалалық Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкері Арман Баянбеков.

Байқоңыр ауданы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шарада Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінің оқушылары өнерлерін ортаға салды. Байқауда қойылған басты талап – қатысушылар өз шығармашылығы арқылы еліміздің экологиясының болашағы туралы идеялары мен көзқарастарын сурет арқылы жеткізе білу.

«Елімізде экологияға көп көңіл бөлінгеніне қуаныштымын, бұл әлемнің, айналамыздың әдемілігіне ғана емес, таза болуына да үлес қосуға шақырады. Бәріміздің ортақ үйіміз Жер-ананы, табиғатты қорғау біздің міндетіміз. Мен өз жұмысымда «Таза Қазақстан» акциясына өз қолдауымды білдірдім», - деді қатысушылардың бірі, 10-сынып оқушысы Гүлім Асылхан.

Байқау қорытындысы бойынша жүлдегелер анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік жұмыстар елордадағы көрмелердің біріне қойылады.