00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада биыл 4 млн-ға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

30 желтоқсан, 2024
Зарина Сәрсенбайқызы Зарина Сәрсенбайқызы
Елордада биыл 4 млн-ға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
фото: Оңалхан Өнерхан

Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамту халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартудың басты бағыттарының бірі екені белгілі. Баспана мәселесі елордада да өзекті, себебі мегаполиске білім алуға және жұмыс істеуге келетіндер көп. Дегенмен бас шаһарда 11 айдың ішінде 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елорданың құрылыс секторының қарқыны биыл 870 млрд теңгеден асқан. Жыл басынан бері 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға көп.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жуырда «Жетінші арнаның» «Саясаткер» бағдарламасына берген сұхбатында  елордада жыл сайын 4 млн шаршы метр тұрғын үй салынатынын айтып өтті.

«Қалада инвестицияның жартысы тұрғын үй құрылысы саласына келеді. Сондықтан бізге «Құрылыс кодексі» өте маңызды. Қазіргі таңда бұл құжатқа өзгерістер енгізіліп жатыр. Мысалы, жыл сайын еліміз бойынша  шамамен 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, оның 4 млн-ға жуығы елордада бой көтереді. Қазіргі таңда  елордада үй алу үшін 50 мыңдай адам кезекте тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер бар», - деді қала әкімі.

Тұрғын үй мәселесін көтергенде қаладағы апатты үйлердің жай-күйі еске түседі.  Реновация бағдарламасы бойынша елордада 2029 жылға дейін 206 апатты үйдің тұрғындарын қоныстандыру жоспарлануда. Бағдарламаның үшінші кезеңі басталғалы бері
қаладағы 37 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жұмыстары анықталған.

Әкім айтқан деректерге сүйенсек, елордада тұрғын үй мәселесі шешімін тауып келеді. Тек бас шаһарда ғана емес, еліміз бойынша құрылыс саласы ілгерілеп келеді. Бұл туралы жақында Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтқан болатын.

Министрдің мәліметінше, жыл соңына дейін елімізде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 44 пайызға жоғары және құрылыс саласындағы рекорд болып есептеледі.

Осы шаралардың арқасында 160 мыңнан астам азаматтың 41 мың жаңа пәтерге көшуіне мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ мемлекеттік қаражат есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алынып, жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама арқылы 7861 несие берілді. Жалпы тұрғын үй құрылысын ынталандыруға 965 млрд теңге қаражат бөлінген.

Айта кетейік, бүгінде құрылыс саласының елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 5,6%-ды құрап отыр. Салада шамамен 670 мың адам, 53 мың кәсіпорын жұмыс істейді.