Елордада 7 базардың әкімшілігі жауапкершілікке тартылды
Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сауда саласында заң талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау шаралары туралы айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиевтің айтуынша, жыл басынан бері тұтынушылардың өтініші негізінде 14 кәсіпкерге айыппұл салынған. Олардың дені тауар бағасын ұлттық валютамен көрсетпеген және бағаны шамадан тыс қымбаттатқан.
«Жыл басынан бастап 522 әкімшілік жаза қолданылды. Оның 475 - і ескерту, ал 47-сі айыппұл түрінде болды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі жеткізу шартында көрсетілген, көтерме жеткізушінің өндірістік немесе сатып алу бағасының 15% - аспауға тиіс. Бекітілген нарық регламенті жоқ сауда базарларының қызметін ұйымдастыру бойынша бұзушылықтар үшін ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша 7 сауда базары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 28 кәсіпкерге айыппұл салынды», - деді Нұрғали Егембердиев.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 193-бабына сәйкес айыппұл мөлшері: шағын бизнес үшін 6 АЕК, орта бизнес үшін 10 АЕК және ірі компаниялар үшін 30 АЕК құрайды. Бір жыл ішінде қайталанған бұзушылықтар айыппұлдардың көбеюіне әкеледі. Мемлекеттік бақылау тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда саласындағы заңдылықты сақтау үшін маңызды.