«Елорда жастары» бағдарламасына қатысып, екі бөлмелі үй алдым – Нұрбек Нұрымбетов


Астанада «Елорда жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша жас отбасылар баспаналы болып жатыр. Олардың арасында астаналық Нұрбек Нұрымбетов те бар. Elordainfo.kz жеңілдетілген несиелеу арқылы баспаналы болған жас маманмен әңгімелесіп қайтты.
Нұрбек Нұрымбетов Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Елордаға 2009 жылы қоныс аударған. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітіргеннен бері бас қалада қызмет етіп келеді.
Бұған дейін университет жатақханасында, одан соң жалдамалы пәтерлерде тұрып келген ол әртүрлі тұрғын үй бағдарламаларын зерттеп, «Елорда жастарына» құжат тапсыруға шешім қабылдайды.
«Елорда жастары» бағдарламасы, негізінен, жылына бір-екі рет өткізіледі. Шарттары Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сайтында жарияланады. Шарт бойынша үміткердің Астана қаласында тұрғылықты тіркеуі болуы керек, одан кейін алты-жеті бағыт бойынша елордалық мекемелерде жұмыс өтілі болуы шарт. Бұрын пәтер алу үшін несиеге 18 млн берілетін болса, биылдан бастап 20 млн берілетін болды. Дегенмен бұл қаражат қазіргі кезде бір бөлмелі пәтер алуға ғана жетеді. Болашақта несие сомасын 25 млн-ға дейін көтеріп жатса, құба-құп болар еді. Тағы бір жақсы жағы – үйдің құны берілген шекті 20 млн-нан артық болса, өз қаражатыңның есебінен толықтырып, ешқандай қиындықсыз қымбатырақ тұрғын үй алуға мүмкіндік берілген», - дейді ол бағдарлама туралы.
Конкурсқа қатысып, жеңіп шығуға оған қажетті құжаттарды дер шағында жинап, уақытылы тапсыруы көп септігін тигізген.
«Конкурсқа 1050 жас өтінім берді. Сол 1050 адамның ішінде тізімде 10-шы болып конкурстан жеңіп шығып, сатып алу құқығынсыз жалдамалы екі бөлмелі пәтерге бес жыл бойы тұру құқығына ие болдым. Бұл – үлкен көмек. Алғашқы жарна жинау үшін жеңілдік болды. Әрине бюджет қызметкерлері үшін қаражат жинау оңайға түспейтіні белгілі. Тұрақты жұмысы бола тұра пандемияда табысынан айырылып, несие тарихы бұзылғандар да болды, осы күрделі мәселелерден мойымай шыққандар «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша өтіп отыр. Мен де соңғы екі жылда 20 млн-ның 10%-ы - 2 млн теңге жинап, он төрт жылға 5 пайыздық жылдық өсімақысымен несие рәсімдеп, тұрғын үй алдым. Нәтижесінде «Көлсай-2» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі үйге ие болдым. Жаңа пәтерімізге көшіп келгенімізге екі-үш аптадай уақыт болды. Үш балам бар. Құтты қоныста кенжеміз Еңлік дүниеге келіп, қуанышымызды екі еселеп жатыр», - деді бағдарлама қатысушысы.
Сонымен қатар Нұрбек Батырханұлы баспаналы болғысы келіп жүрген елордалық жастарға өзінің ақыл-кеңесін айтты.
«Пәтер алғысы келіп жүрген елорда жастарына айтарым - осындай мемлекеттік бағдарлама, конкурстарға қатысарда Астанада тіркеуі, кем дегенде 6 айдан бері тұрақты жұмысы, «Отбасы банкінде» депозиті, оның ішінде қаражаты болғаны дұрыс дер едім. Өйткені аз да болса, табандылықпен қаражат жинауға тырыссаңыз, бұдан бөлек бағдарламаларға қатысуға болады.
Құжатты алдын ала жинап, конкурстың белгіленген уақытында тапсырған жөн. Елімізде цифрландыру жүйесі қарқынды дамып келе жатыр. Банкке, тұрғын үй қорына аяқтай барып тұрмай-ақ, онлайн-сервистер арқылы да құжаттарды тапсыру мүмкіндігін зерттесеңіз, пайдалы болмақ», - дейді ол.



