«Дәнекерлеушілерді жұмысқа орналастырып жатырмыз»: JOLTAP жобасы оқытушысы


Eлорда азаматтарына жаңа кәсіптерді тегін меңгеруге жол ашып, сол арқылы жұмыссыз қала тұрғындарының жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін JOLTAP әлеуметтік жобасы сәтті жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ресми мәліметтер бойынша, былтыр 9 мыңнан астам адам цифрлық және жұмыс дағдылары бойынша курстарға қатысып, кәсіпорындарда жұмысқа орналасу немесе жеке кәсіп ашу мүмкіндігіне ие болған.
JOLTAP әлеуметтік жобасы аясындағы сұранысқа ие мамандыққа үйрететін курстың бірі - «Электр-газбен дәнекерлеуші» курсы.
Аталған курстың оқытушысы Ербол Есемсеитов оқыту процесі туралы айтып берді.
«Мен - Unobtanium эксперттік оқыту орталығының ұстазымын. Қазіргі уақытта курс қатысушыларын JOLTAP жобасы аясында 3-разрядтағы электр-газбен дәнекерлеу ісіне оқытып жатырмын. Оқыту мерзімі 10 күн: 5 күн теория, 5 тәжірибеге арналады. Кейбір адамдар 5 күн тәжірибені аз деп жатады. Бірақ бұл уақыт 3-разрядты алу үшін толығымен жетеді. Жоба қатысушыларын әрі қарай жұмысқа орналасуға көмектесіп жатырмыз. 2-3 ай ішінде мамандар бастапқы деңгейдегі жалақыны алады. Әрі қарай бәрі жұмыс орны жетекшілерінің шешіміне байланысты. Егер дәнекерлеуші жұмыста өзін көрсетсе, онда жарты жылдың ішінде 4-разрядқа қол жеткізе алады. Разряд жоғарылаған сайын тапсырмалар күрделене түседі және еңбекақы артады. Ал кейбірі 2 жыл бойы сол 3-разрядпен жүре беруі мүмкін – бәрі адамның өзіне байланысты. Қалай жұмыс істеп, қалай үйренсеңіз – жалақыңыздың көлемі соған байланысты болады», - дейді Ербол Есемсеитов.
Оның айтуынша, төзімділік, табанды еңбек және оқуға деген құлшыныс – мансаптық өсу мен қаржылық тұрақтылыққа апаратын төте жол.
Айта кетейік, жұмыс берушілерді білікті мамандармен байланыстырып, кадр тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесін шешуде маңызды рөл атқарып келе жатқан JUMYSTAP платформасында 100-ден аса дәнекерлеу бойынша жұмыс орны бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, JOLTAP жобасы тұрғындарды оқыту мен қолдауды жалғастыра бермек.