Биыл «Сарайшық» ауданында 15 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған

17 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Биыл «Сарайшық» ауданында 15 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған
фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің «Сарайшық» ауданы тұрғындарының есептік кездесуінде аудан әкімі Мақсат Саматұлы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Былтыр мамыр айында мәслихаттың бірлескен шешімімен және Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен «Сарайшық» ауданы құрылып, аудан аппараты өткен жылдың қараша айынан жұмысын бастады. Бүгінде аудан шекарасына «Мыңжылдық» аллеясы, «Отау» шағын ауданы және «Промышленный», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар» тұрғын алаптары кіреді. Бұдан басқа, аудан аумағында халықаралық, республикалық және қалалық іс-шаралар өтетін еліміздің басты алаңы орналасқан.

«Биыл бөлінген қаражат аясында 3 қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Біз жүргізіп жатқан жұмыстардың үлкен үлесі абаттандыруға тиесілі. Аудан аумағында 200-ден астам аула бар, өткен жылы 18-і абаттандырылды. Тағы 50-ден астам ауланы абаттандыру қажет. Одан бөлек биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аулаларды кешенді абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Дауыс беру рәсімі арқылы 36 жобаның ішінен 15 аула іріктелді. Тиісті жұмыстар 1 мамырда басталады», - деді аудан әкімі.

Мақсат Саматұлы өз баяндамасында биыл 15 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланғанын атап өтті.

«Сарайшық» ауданында 3 саябақ, 6 гүлзар мен қоғамдық кеңістік, 70 мыңға жуық ағаш, 9 мыңнан астам бұта, шамамен 2,1 млн м2 көгал бар. Биыл 15 мыңнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Ауданда белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Уәкілетті органдармен бірлескен 70-тен астам үйдің құрылысы жүргізіліп, бекітілген дендрожоспарларды іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда», - деді ол.