Биыл елордада 30-дан астам велосипед ұрлығы анықталды


Астанада жыл басынан бері 30-дан астам велосипед ұрлығы тіркелді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұрлықтардың басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерінде болған. Қалғаны аулаларда және қоғамдық орындарда тіркелген. Ұрлықтың жиілеуіне себеп – тұрғындардың велосипедтерін қараусыз қалдыруы және дұрыс бекітпеуі.
Жуырда «Сарыарқа» ауданына қарасты Ақан сері көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үй кіреберісінен BMW балалар велосипеді ұрланғаны жөнінде полицияға арыз түскен.
«Сарыарқа» аудандық криминалдық полиция қызметкерлері оқиға бойынша дереу іздестіру шараларын ұйымдастырып, ұрланған мүлікті тауып, иесіне қайтарып берді.
Қалалық полиция департаменті ұрлықтың алдын алу мақсатында азаматтарға велосипедтерін арнайы құлыптармен бекітіп, бейнебақылау камераларымен қамтылған жерлерде сақтауға, сонымен қатар велосипед иелерін қырағы болуға шақырады және күдік туғызатын әрекеттер туралы «102» нөміріне хабарлауға кеңес береді.