Балаларды буллингтен қалай қорғаймыз: психолог кеңесі

1 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Балаларды буллингтен қалай қорғаймыз: психолог кеңесі
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Балалар арасындағы әлімжеттік – қоғамда жиі кездесетін, бірақ көбіне көзге көрінбейтін ауыр әлеуметтік мәселе. Әсіресе, соңғы жылдары бастауыш сынып оқушыларынан бастап балабақша балаларына дейін буллингтің түрлі түріне ұшырап жатқаны – көңіл қынжылтады. Бұл жағдайға кім жауапты? Баланы қалай қорғауға болады? Психолог Алмагүл Алдабергенова Elorda.info тілшісіне сұхбат беріп, буллингтің белгілері, салдары және алдын алу жолдары туралы ой бөлісті.

«Буллинг – тек жұдырық емес»

Психологтың айтуынша, буллинг – тек физикалық қысым көрсету емес, ол әдейі, жүйелі түрде орын алатын психологиялық қысым, қорқыту, кемсіту сынды әрекеттердің жиынтығы. Оның түрлері де сан алуан:

  •             физикалық (ұрмақ, итеру, зорлық көрсету),
  •             психологиялық (кемсіту, оқшаулау),
  •             кибербуллинг (әлеуметтік желілерде қорлау),
  •             ауызша (кекету, мазақ ету).

«Қазір тіпті балабақшадағы балалар арасында да агрессиялық әрекеттер байқалып жүр. Бұл – дабыл қағатын мәселе. Ал жасөспірімдер арасындағы буллинг кейде физикалық сипат алып, ауыр салдарға ұласуы мүмкін», – дейді психолог.

Буллингтің белгілері қандай?

Буллингке ұшыраған баланың психологиялық жағдайы бірден өзгереді. Алмагүл Алдабергенованың айтуынша, мұндай балалардың бойында мынадай белгілер байқалады:

  •             оқуға ынтасының күрт төмендеуі;
  •             мінез-құлқының тұрақсыздығы;
  •             адамдармен қарым-қатынастан қашу, жалғыз қалуға тырысу;
  •             ұйқының бұзылуы, түнде қорқынышпен ояну немесе күндіз әлсіздік таныту;
  •             тәбеттің жоғалуы немесе керісінше, шамадан тыс тамақтану.

«Баланың мінез-құлқындағы осындай өзгерістерге мұғалім де, ата-ана да бей-жай қарамауы тиіс. Әсіресе, оқушы ақшаны көп сұраса, себепсіз мазасызданса, қорқынышты көзқараспен артына қарай берсе, бұл белгілер – алаңдауға тұрарлық», – дейді психолог.

«Психологқа баруға бала өзі дайын болмайды»

Буллингке ұшыраған баланың көп жағдайда психологқа жүгінуге сенімі болмайды. Өйткені ең алдымен ол жақындарынан қолдау көрмеген.

«Баланы сүйреп апару – қате. Оның ішкі дайындығы мен сенімін қалыптастыру керек. «Психологқа барып көрейік, сен қалай қарайсың?» деген сияқты жұмсақ әрі қолдаушы ұстаныммен әрекет еткен жөн. Кейде ата-аналар жиналысында мектеп психологына тренинг өткізуді сұрауға болады. Жасөспірімдермен бірге жасалатын қарапайым, 4-5 жаттығудан тұратын мини-тренингтер балаларға жақсы әсер етеді», – дейді маман.

Ата-аналардың ең үлкен қателігі

Қазақ қоғамында кең таралған бір көзқарас бар: «Сен ешкімге тиіспе, бірақ саған біреу тисе, сен де жауап қайтар». Алмагүл Алдабергенова бұл тұжырымды ең қауіпті қателіктердің бірі деп есептейді.

«Баланың бойына психологиялық тұрғыда өзін-өзі қорғау туралы түсінік қалыптастыру керек. Яғни, әр бала: «Маған біреу жамандық жасаса, мен оны ата-анама айта аламын, олар мені қорғайды» деген сенімді бойына сіңіруі қажет. Өкінішке қарай, балалардың көбі бұл сөздерді отбасында естімей өседі», – дейді психолог.

«Бала көргенін жасайды»

Буллинг көрсеткен бала – көбіне өзі де бір ауырлықтың құрбаны. «Отбасындағы дөрекілік, дау-дамай, ересектердің бір-біріне көрсеткен агрессиясы – баланың санасына үлгі болып сіңеді. Жан жарасы жазылмаған, ішкі эмоциясы шықпаған бала – айналасына сол ауырлығын таратып жүреді», – дейді Алдабергенова.

Кибербуллинг – көзге көрінбейтін қауіп

Интернет кеңістігінде жазылған бір пікірдің өзі баланың психологиясына ауыр соққы беруі мүмкін. Қазіргі жасөспірімдер үшін басқаның пікірі аса маңызды. Сондықтан желіде жазылған ауыр сөздерден кейін оқушылар күйзеліске түсіп, өз-өзін бағалауын жоғалтады.

«Кибербуллинг жасаған адам да заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін екенін көпшілік біле бермейді. Арнайы органдар бар. Әр ата-ана, әр бала бұл туралы хабардар болуы тиіс», – дейді маман.

Мектеп не істей алады?

Психологтың пікірінше, буллингтің тамыры – тәрбиеде. Бірақ мектеп те жауапкершіліктен шет қалмауы тиіс.

«Өкінішке қарай, кейбір мектеп психологтарының жұмысы қағаз жүзінде қалып жатады. Нақты әрекет жоқ. Буллинг жасаған және зардап шеккен баламен жеке-жеке, бірнеше сатыдан тұратын кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс. Бұл – жай кеңес емес, жарақатпен (травмамен) жұмыс. Сондықтан да бұл іске ата-ана, мұғалім, психолог – бәрі жұмыла кірісуі керек», – дейді Алмагүл Алдабергенова.

«Бала жалғыз қалмауы керек»

Психолог ата-аналарға, мұғалімдерге, қоғамға мынадай маңызды ескерту жасады:

«Ешбір бала зорлық-зомбылыққа жалғыз қарсы тұра алмайды. Буллингтің келесі сатысы – суицид. Сондықтан да баланың жанында болыңыздар. Қолдау – ең үлкен көмек. Әр бала: «Не болса да, ата-анам мені қолдайды» деген сенімді бала кезден естіп өсуі тиіс. Бұл сөздер – оның қорғаны».

Буллинг – жай «балалар арасындағы ерегес» емес, адам психологиясына із қалдыратын, кейде өмірлік салдары болатын терең мәселе. Жауапкершілік – тек мектепте емес, ата-ананың, қоғамның, тіпті заңның еншісінде. Баланы қорғау – сөзбен емес, күнделікті іс-әрекетпен дәлелденетін жауапты қадам.

Ақнұр Тұяқбай