00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Бала тәрбиесі маңызды мәселе – Тұрар Шәкен

1 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Бала тәрбиесі маңызды мәселе  – Тұрар Шәкен
Фото: Elordainfo.kz

Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, қазақи тәрбие беру аса өзекті мәселе. Себебі бұл қоғамымыздың даму бағытын айқындайды. Астана қаласындағы №79 Шабыт балабақшасында өткен рухани-танымдық кездесуде осы мәселе қозғалды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елордада «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің «Балаңды қазақша оқыт» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба Астана қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» мекемесінің және білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Жоба жетекшісі, тарихшы-этнограф Тұрар Саттарқызының айтуынша, жас ата-аналарға арналған жобаның басты мақсаты - қазақи тәрбие беру арқылы бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақша ойлауға, қазақша сөйлеуге үндеу.  

«Өйткені бала тәрбиесіне қатысты жас отбасыларында әртүрлі проблемалар бар екені жасырын емес. Бірі ұлттық құндылықтардан көрі заманауи бағытта баласын тәрбиелеуді жөн санайды. Тіпті өз тілінде сөйлеуге қымсынатын, баласын қазақша балабақша мен мектепке беруге арланатын ата-аналар бар. Бұл ұлтымыз үшін қасірет. Ұрпағын ұят болады, обал болады деп өсірген ата-бабамыздың сара жолы бізге бағыт сілтейтін дара жол болуы керек деп есептеймін», - деді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры.

Аталған бірлестік осындай мәселені көтеріп, білім беру ұйымдарында ата-аналармен тұрақты түрде кездесу өткізіп жүр. Тұрар Саттарқызы екі айдың ішінде 20 шақты балабақшада кездесу өткізгеніне тоқтала кетті.

«Әрбір ата-ана өзінің ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілігін сезінуі керек. Бұл менің ғана балам емес, қазақтың баласы, мен өз ұлтымның өкілін тәрбиелеп отырмын деп қабылдаса екен деймін. Сонда ғана біз іргетасы мықты, берік қоғам құра аламыз. Әрі ізімізді басатын, өмірімізді жалғастыратын ұрпағымыз өмір көшінде адаспайтын болады», - деді ол.