00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астаналық оқушылар мамандықтар әлемімен танысты

5 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Астаналық оқушылар мамандықтар әлемімен танысты
фото: Elordainfo.kz.

Астана қаласында 7-11 сынып оқушылары мен колледждердің бірінші курс студенттеріне кәсіби бағдар беру мақсатында экскурсиялар өтуде. Бұл шараны Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, «ASTANA INVEST» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы, Астананы дамыту орталығы және қалалық білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба аясында бүгінге дейін шамамен 5 мыңға жуық оқушы мен студенттер елорданың кәсіпорындары мен оқу орындарын аралап үлгерді, ал жыл соңына дейін жалпы 11 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған.

Бүгін №23 орта мектептің 7-9 сынып оқушылары арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Ютария» тігін фабрикасының жұмысымен танысты.

Экскурсия барысында оқушылар заманауи тігін өндірісінің технологияларын көріп, жұмыс процесімен танысты. Мамандарға сұрақтар қойып, кездесуді танымды, әрі қызықты өткізді.

«Біз арнайы киімнің қалай тігілетінін өз көзімізбен көріп, пиджактарға қалайша пішін берілетінін білдік. Өте қызықты болды», – деп 9 сынып оқушысы Диана Дидарова алған әсерімен бөлісті.

Бұл экскурсияның мақсаты – оқушыларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру, сондай-ақ техникалық мамандықтарға қызығушылықтарын арттыру.

«Біз балаларға фабрикамызды көрсеткенімізге өте қуаныштымыз. Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпалын тигізеді», – деді пиджак цехының шебері Алтын Ташметова.