Астанадағы «SOS дабыл түймесі» жоғалған баланы табуға көмектесті

26 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанадағы «SOS дабыл түймесі» жоғалған баланы табуға көмектесті
Фото: polisia.kz

Астана қаласында қоғамдық орындарға орнатылған «SOS дабыл түймелері» тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиімді құралға айналды. Жыл басынан бері осы жүйе арқылы полицияға 20-ға жуық жедел өтініш келіп түскен, деп хабарлады Elordainfo.kz.   

Жуырда орын алған оқиға – бұл жүйенің нақты пайдасын айқын көрсетті. «Атырау» көпірі маңында бір әйел 5 жасар қызын жоғалтып алып, дереу жақын маңдағы «SOS» түймесі арқылы полицияға хабар берген. Хабарлама түскен бойда жедел іздестіру шаралары басталып, оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция жасағы бағытталды. Нәтижесінде бала аман-есен табылып, анасына қайтарылды.

Полиция қызметкерлері осындай жедел әрекет ету жүйелері адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Тәртіп сақшылары барлық келіп түскен сигналдарға дер кезінде жауап беруге тырысады. Олардың арасында тұрмыстық жанжалдар, құқық бұзушылықтар және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін жайттар бойынша өтініштер бар.

Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарды қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауға және қажет болған жағдайда «SOS дабыл түймесін» белсенді пайдалануға шақырады. Бұл жүйе – жедел көмекке қол жеткізудің тиімді және сенімді жолы.