Астанада өткен IFLA конгресінде қолөнершілер мен шеберлер 15 млн теңге табыс тапты

Шеберлер мен қолөнершілер Астанада өткен IFLA-ның 89-шы Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресінде өз жұмыстарын таныстырып, шамамен 15 млн теңге табыс тапты, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап.
Төрт күн ішінде әлемнің 114 елінен келген шетелдік делегаттар 3000 жуық бұйым мен кәдесыйлар сатып алды. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы IFLA конгресінде арнайы алаң ұйымдастырып, шамамен 40 қолөнерші өз бұйымдарын ауқымды халықаралық аудиторияға ұсыну мүмкіндігін иеленді.
Шебер Ермек Кәрімнің сөзінше, делегаттар арасында біздің ұлттық аспабымыз сазсырнай ерекше танымал болған. Ол 4 күнде 100-ге жуық аспап сатып алды. Осылайша шетелдіктер қазақ мәдениетінің бір бөлшегін әлемнің түкпір-түкпіріне алып кетті. Қолөнерші он жылдан астам уақыт бойы ағаш өңдеумен айналысып, ұлттық бұйымдар жасайды.
«Алып жүруге ыңғайлы сазсырнай - шетелдік қонақтар жиі сатып алған және көп қызығушылық танытқан ұлттық аспап. Қамшыларға, ағаш табақтарға да сұраныс жоғары болды. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың Қазақстанда өтуі шеберлерге үлкен мүмкіндік ашады. Өзіміз жасаған бұйымдарды сату арқылы өзімізге, елімізге пайда әкелеміз», - деді Ермек Кәрім.
Қолөнерші Мереке Әшімова тастардан зергерлік бұйымдар жасайды. Оның айтуынша, шетелдік қонақтар тек кәдесыйларға ғана емес, ұлттық аспаптар мен киімдерге де қызығушылық танытқан.
«Kazakh Tourism ұжымына алғысымды білдіремін. Бізге осындай үлкен мүмкіндік ұсынылды. Әдетте бұйымдарды жасап, оны сататын жер іздеп қиналамыз. Себебі сауда орындарын жалдау қымбат. Сондықтан біз осындай ауқымды іс-шараларға мұқтажбыз. Шетелдіктер біздің бұйымдарға үлкен қызығушылық танытты. Мен қайда жүрсем де өз домбырамды бірге алып жүремін. Бұл ұлттық аспабымызды саудаға ұсынған жоқпыз. Бірақ шетелдіктердің сұрауымен арнайы тапсырыс беріп, Нидерландыдан және АҚШ-тан келген делегаттар өздерімен домбыра алып кетті. Ал Италиялық мейман үстімдегі шапанды сатып алуға да ниет білдірді. Мен төрт күнде 2 мың доллар көлемінде табыс таптым», - деді шебер.
Конгресті Қазақстанда өткізу құқығы Kazakh Tourism, Астана туризм және ҚР ЖОО кітапханалар қауымдастығы бірлесе дайындаған өтінім негізінде берілді.