Астанада қойылымдар байқауының жеңімпаздары марапатталды
Елорданың «Сарыарқа» ауданында «Заң және балалар: Қатесіз болашақ» қойылымдар байқауының финалы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған ауданның 27 мектебі қатысты. Финалға шыққан үздік бес команда құқық, әділдік және қатесіз болашақ тақырыптарын қамтыған өздерінің ерекше қойылымдарын ұсынды. Олар қойылым арқылы қатарластарын заңдылықты сақтауға, адал азамат болуға шақырды.
«Байқаудың мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, шығармашылық әлеуетін ашу және дамыту, заңға құрмет сезімін қалыптастыру. Бұл қойылымдар оқушыларға заңдылық пен заңның үстемділігін сақтау маңыздылығын түсінуге көмектеседі», - деді «Сарыарқа» аудандық прокурорының орынбасары Дарын Дүйсенғалиев.
Финалға өткен қойылымдардың ұзақтығы 10-15 минутты құрады. Әрбір қойылым мазмұнды сюжетімен және эмоциялық тереңдігімен ерекшеленді.
«Біз қазірден бастап тұлға ретінде қалыптасып жатырмыз. Бүгіннен әр бала «Қайда?», «Не істеп жүрмін?» деген секілді сұрақтардың жауаптарын біліп жүруі керек. Біз байқауда қойған көрінісімізде қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғадық», - деді қатысушы Жанерке Қуандықова.
I орын І.Жансүгіров атындағы №58 гимназиясына бұйырды. Бұл команда көрермендерді терең ой салатын әрі шебер қойылған сахналық өнерімен баурап алды. II орын И.Есенберлин атындағы №67 лицейге, ІІІ орын Ғ.Қайырбеков атындағы №2 гимназия оқушыларына берілді.
Одан бөлек, «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық мәселелерді терең ашқаны үшін» №6 гимназия оқушылары, «Ең үздік сценарий» Қ. Сәтпаев атындағы №61 лицей марапатталды.
«Қойылым біздің болашақ ұрпақ үшін үлкен тәрбие береді. Ол мәнді де мағыналы болды. Осылайша балалардың жарқын болашағына қадам жасалды деп есептеймін. Жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын», - деді «Жастар» театрының директоры Ғани Каримов.
Сонымен қатар финалда «Ең үздік актер/актриса», «Екінші пландағы үздік рөл», «Көрермендер көзайымы», «Үздік костюм», «Актерлік шеберлігі үшін», «Үздік сценарий», «Заңдылық тақырыбына айқын көзқарас», Үздік қосалқы рөл», «Құқықтық тақырыптағы үздік комедиялық қойылым», «Жасөспірімдер қылмысы мәселесін терең ашқаны үшін» секілді номинациялар бойынша марапаттар табыс етілді.
Айта кетейік, байқау елорданың «Сарыарқа» ауданы прокуратурасының, аудан әкімдігінің, сондай-ақ Астана қаласы білім және мәдениет басқармаларының қолдауымен ұйымдастырылды. Қатысушыларды іріктеу 6-25 қараша аралығында өтті. Қазылар алқасының құрамына мәдениет өкілдері, полиция, прокуратура және аудан әкімдігінің өкілдері кірді.