Астанада коммуналдық қызметкерлерді қолдауда жаңа челлендж бастау алды

15 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Астанада коммуналдық қызметкерлерді қолдауда жаңа челлендж бастау алды
Фото: Денешынықтыру және спорт басқармасы

Астанада коммуналдық қызмет мамандарына алғыс ретінде жаңа челлендж бастау алды. Оған танымал спортшылар қолдау көрсетті, деп хабарлады Elоrdainfo.kz.

Челленджге қосылған елордалық танымал спортшылар күндіз-түні тоқтаусыз қар тазалайтын коммуналдық қызметкерлерге қолдау көрсетуді жөн көрді.
Бүгін таңертең «Ғашықтар» саябағына жиналған спортшылар елордамыздың игілігі үшін күнделікті еңбек етіп жүрген мамандарға ыстық шай мен бауырсақ үлестірді.

«Бүгін таңымыз ерекше атты, өйткені біз спортшылармен және шығармашылық саланың мамандарымен бірігіп, қаламыздың тазалығы жолында еңбек етіп жүрген жандарды қуантуды жөн көрдік», - деді «SD Family» футбол клубының негізін қалаушы Дидар Сыдықбек.

Бұдан бөлек, спортшылар қар тазалауға атсалысып, көмек көрсетті. Бұл шара коммуналдық саланың қызметкерлеріне деген сыйластықтың белгісіндей болды.

«Қаламыздың тазалығы мен тәртібін сақтауда коммуналдық қызметкерлердің еңбегі зор. Оларға алғысымызды білдіру үшін бүгін спорттағы әріптестермен бас қосып отырмыз», – дейді ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионы Едіге Емберді.
Бұл бастаманы Ұлжан Рақышева, Биғали Зкрияев, Ерболат Бекболатов, Саян Жанділдин және Жанболат Ибрагимов сынды спортшылар да қолдады.

Алдағы уақытта акция қаланың барлық ауданын қамтып, ай сайын өткізілетін болады.