Астанада балаларға арналған қауіпсіздік сабағы өтті

26 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада балаларға арналған қауіпсіздік сабағы өтті
Фото: Астана әкімдігі

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Астана қаласының жедел жәрдем станциясында ерекше маңызды әрі танымдық шара ұйымдастырылды. Балалар мен олардың ата-аналары алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша пайдалы ақпарат алып, тәжірибелік сабақтарға қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға 5 пен 13 жас аралығындағы бүлдіршіндер қатысып, симуляциялық оқу орталығында жарақат алу, қан кету, тұншығу, қақалып қалу, велосипедтен құлау сынды шұғыл жағдайларда не істеу керектігін үйренді. Нұсқаушылар арнайы манекендер арқылы нақты мысалдар көрсетіп, балалардың өздеріне тәжірибе жасауға мүмкіндік берді.

Молданазарова Айман, көпбалалы ана:

«Шара өте пайдалы әрі мазмұнды өтті. Балаларға бәрін қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізген білікті мамандарға алғысым шексіз. Мұндай білім тек бүгін ғана емес, болашақта да қажет боларына сенімдімін. Себебі балалардың қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың басты міндеті», – деді.

Балалардың өздері де алған әсерлерін бөлісті.

Мерей Назирахмет, 8 жаста:

«Маған бүгінгі сабақ қатты ұнады. Егер досым жарақат алса, міндетті түрде үлкен кісілерді шақырып, 103 нөміріне хабарласамын», – дейді.

Керімсал Булекбаев, 13 жаста:

«Алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін тыңдап, өзім жасап көргенім өте қызық болды. Мұндай шаралар жиі өтіп тұрса екен деймін».

Іс-шара барысында балаларға алғысхаттар мен түрлі сыйлықтар табысталып, мерекелік көңілкүй сыйланды.

Динара Кусепова, №4 қалалық емхананың мектепке дейінгі бөлім меңгерушісі:

«Шара барысында жарақаттанған балаға көмек көрсету, қан тоқтату, тұншығып қалған кезде не істеу керектігі жайлы нақты мысалдар көрсетілді. Ең бастысы – балалардың дені сау болып, өмірінде мұндай жағдайлар сирек кездессе екен дейміз», – деп тілек білдірді.

Бота Сәдетханқызы, жедел жәрдем станциясы директорының медицина жөніндегі орынбасары:

«Іс-шараның мақсаты – балаларды жедел жәрдем қызметімен таныстыру және алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрету. Балалардың қауіпсіздігі – барлығымыз үшін маңызды», – деді.

Қасым Шынтас, симуляциялық орталықтың басшысы:

«Балалар жарақат кезінде не істеу керектігін үйреніп, белсенді түрде қатысып, бір-біріне көмек көрсетті. Бұл – өте маңызды тәжірибе. Балалар мықты болып өссін, білімді болсын», – деп өз тілегін білдірді.

Іс-шараға қатысқан ата-аналар да алғыстарын айтып, мұндай танымдық кездесулерді полиция бөлімдерінде, өрт сөндіру қызметінде де өткізу керектігін айтты.

Бұл бастама – балалардың қауіпсіздігін арттыруға, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге үлкен үлес қосатын тамаша үлгі.

Аяла АСЫЛБЕК