Астанада Азия Паралимпиадалық комитетінің Конференциясы өтіп жатыр


Елордада Азия Паралимпиадалық комитетінің (АПК) Конференциясы және 8-Бас Ассамблеясы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Мұндай ауқымды іс-шара тарихта алғаш рет тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда ұйымдастырылып отыр. Форумға 45 елден 190-нан астам делегат келген.
Іс-шараны Туризм және спорт министрлігінің, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарының қолдауымен Азия Паралимпиадалық комитеті мен Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті бірлесіп өткізіп жатыр.
Жиынның салтанатты ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, мұндай іс-шараларды Астанада өткізудің маңыздылығына тоқталып өтті.
«Паралимпиадалық қозғалыстың және негізгі ұйымдардың басшыларын қабылдау – Қазақстан үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Мемлекет басшысының паралимпиадалық спорт пен тең мүмкіндік қағидаттарын дамытуға айрықша назар аударып, жүйелі түрде қолдау көрсетуінің арқасында бүгінгідей ауқымды халықаралық іс-шараны өткізіп отырмыз. Біз Қазақстанды инклюзивті спорттың аймақтық орталығына айналдыруға және әр спортшының өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауға ұмтыламыз», - деді министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті 2002 жылы құрылған сәттен бері 19 паралимпиадалық спорт түрін белсенді дамытып, жыл сайын 800-ден астам жарыс өткізеді. Сондай-ақ отандық спортшылардың 80-нен астам халықаралық турнирге, соның ішінде ең ірі әлемдік додаларға қатысуын қамтамасыз етіп келеді.
Конференция мен Ассамблеяның құрметті қонақтары қатарында АПК президенті Маджид Рашед, Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің (IPC) президенті Эндрю Парсонс, ұлттық паралимпиадалық комитеттердің басшылары, халықаралық федерациялардың өкілдері және сарапшылар бар.
Форумның іскерлік бағдарламасына Ұлттық паралимпиадалық комитеттерде басқаруды жетілдіру, жастар мен әйелдердің пара спортқа қатысуын арттыру, қолжетімді спорт жіктемесі мен технологиясына инновация енгізу, сондай-ақ Азия Пара ойындары сияқты ірі халықаралық жарыстарға дайындық мәселелері енген.
13 тамыз күні форум аясында елордадағы Конгресс-орталықта Asian Awards марапаттау рәсімі өтеді. Онда Азиядағы паралимпиадалық қозғалысты дамытуға елеулі үлес қосқан спортшылар, жаттықтырушылар және ұйымдар арнайы сыйлықтарға ие болады.
Қазақстанда АПК Конференциясы мен Бас Ассамблеясының өтуі – елдің инклюзивті спортты дамытудағы жетістіктерін халықаралық деңгейде мойындалуының және Қазақстан жаһандық спорт қозғалысының белсенді қатысушысы әрі сенімді серіктесі екенінің айқын көрінісі.