Астанада Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай концерт өтіп жатыр

1 мамыр, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада Қазақстан халқының  бірлігі мерекесіне орай концерт өтіп жатыр
Фото: Elordainfo.kz

Бүгін Астанадағы  “Жастар” сарайында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

“Іс-шара аясында елімізде тұратын түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін таныстыратын арнайы көрме өтіп жатыр. Көрмеге келушілерге  әр ұлт өкілдері салт-дәстүрі, мәдениетін, ұлттық тағамдарын көрсетуде. Кейін бұл іс-шара мерекелік концертке ұласады. Арнайы шақырылып отырған  қазақ эстрадасының әншісі Ұшқын Жамалбек және “Жастар” сарайының шығармашылық ұжымы да өнер көрсетеді. Сондай-ақ “Жұмысшылар жылы” мен Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы нөмірлеріміз бар”, - деді “Жастар” сарайының медиа бөлімінің басшысы Дильназ Мұрат. 

Бүгінгі іс-шараны Астана қаласының Мәдениет басқармасы ұйымдастырып отыр. 


Мерекелік концертте «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының                                   лауреаттары – Зарина Божақова, Әлібек Әлмәдіұлы және Татьяна Ким, сондай-ақ шараның арнайы қонағы – Құрмаш Махан өз өнерін ортаға салады.

“Қазақстан халқының бірлігі күні – сан түрлі этностардың өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт әрі мызғымас мемлекетіміздің символына айналған мереке. Ол ұлттық бірлігіміздің беріктігін, көпэтносты қоғамымыздағы өзара құрмет пен сенімнің терең тамыр жайғанын паш етеді”, - деді Дильназ Мұрат.

Көрме ұлттық дәстүрлердің бай мұрасын дәріптеп, қоғамдағы достық пен келісімді нығайтуға бағытталған.

“Бүгін “Жастар” сарайында Қазақстан халқының бірлігі мейрамын атап өтіп жатырмыз. Мұнда көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып отыр. Менің ұлтым - кәріс. Сырттан келгеннің барлығының бетінен қақпай, керісінше құшақ жая қарсы алып, бауырына басқан қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Мереке құтты болсын”, - деді кәріс ұлтының өкілі Виктория Шегай.