Астана аумағында құрылыс қалдықтарын басқару қағидалары әзірленіп жатыр

26 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астана аумағында құрылыс қалдықтарын басқару қағидалары әзірленіп жатыр
фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды басқару бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, елордада қатты тұрмыстық қалдықтар инфрақұрылымының цифрлық картасы құрылды. Сәйкесінше, шарттар бойынша есепке алу мен операциялар, маршруттар жасау және ҚТҚ әкету мониторингі цифрлық форматқа ауыстырылды.  Сонымен қатар тұтынушылар туралы деректер цифрландырылды. 

«Цифрлық жүйені енгізген соң  тұрғындардың тарапынан  шағымдар аптасына 200-ден 1-2 шағымға дейін төмендегені байқалды.  Есепке алынбаған абоненттер саны азайды.  Сондай-ақ төлемдерді жинау 75 пайызға дейін жетті. Жүйе басқару шешімдерін қабылдау үшін кешенді аналитиканы қалыптастырады»,- деді Жеңіс Қасымбек. 

Елорда әкімі рұқсат етілмеген полигондар мәселесіне де тоқталып өтті. 

«Рұқсат етілмеген полигондардың 95 пайыздан астамы құрылыс қалдықтарынан тұрады. Мысалы, өткен жылы 414 заңсыз қоқыс нүктесі анықталды, оның 90 пайыздан астамы жойылды. Қалғандары жақын арада, яғни ауа райы қолайлы кезде жойылады. 2025 жылдың сәуір айының соңына дейін Астана қаласының аумағында құрылыс қалдықтарын басқару қағидалары бекітілетін болады. Ол Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп әзірленуде»,- деді қала әкімі.