«Нағыз бақыт»: астаналық ана көпбалалы болудың қызығы мен шыжығы туралы айтты


1 маусым – Балаларды қорғау күнін еліміздің түкпір-түкпіріндегі шаттығы мен берекесі ұйытқыған шаңырақ иелері асыға күтеді. Осындай балаларының амандығы мен бақыты жолында аянбай еңбек етіп жүрген ата-аналардың бірі – Астанадағы үлгілі отбасылардың бірінің отанасы, "Күміс алқа" иегері, көпбалалы ана – Шынар Шөкеновамен. Elordainfo.kz тілшісі алтын асықтай ұл мен қызды өсіріп отырған бақытты ананың шаңырағында қонақ болып, өнегелі әңгімесін тыңдап қайтты.
- Шынар ханым, алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана екенсіз. Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз...
- Менің есімім – Шынар, жасым – 39-да. Мамандығым – мұғалім, информатика пәнінен сабақ беремін. 8 жылдан астам уақыт мектепте қызмет атқардым. Жолдасымның есімі – Әсет, Төтенше жағдайлар министрлігінің байланыс торабы бөлімінде аға маман болып жұмыс істейді. Бұл салада 18 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір біз алты баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасымыз. Бес ұл, бір қызым бар. Тұңғышым – Алтайыр –16 жаста. Екінші ұлым – Алдияр – 13 жаста. Қызымыз Әдемі – биыл 10-ға толады, ұлттық бимен айналысады. Одан кейін Айдидар – 1-сыныпты бітірді, 7 жаста. Арсен – 3 жаста, биыл балабақшаға барады. Кенжеміз Арлен – 1 жаста. Осындай құлыншақтардың бақытты анасымын.
- Балаларыңызды тәрбиелеуде қандай ұстанымды негізге аласыз?
- Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді ғой. Біздің отбасымыздағы тәрбиелеудің нақты жеті ұстанымы бар.
1. Әдепті болу.
2. Мейірімділік.
3. Елгезектік пен тіл алғыштық.
4. Адалдық пен шындық.
5. Білімге құштарлық.
6. Үлкенді сыйлау.
7. Адамның кемшілігін бетіне баспау.
Осы құндылықтарды балаларымызға күнде айтып, өзіміз де соған сай әрекет етуге тырысамыз.
- Балалардың арасы жақын болған кезде жиі төбелесіп қалып жатады. Мұндай мәселені қалай шешесіздер?
- Шыны керек, бәрі кинодағыдай әдемі өтпейді ғой. Біз таңғы сағат 7:00-де тұрамыз. Балаларды мектепке шығарып саламын. Барлығы да бірінші ауысымда оқиды. Үлкен ұлымыз бауырларына қамқор болып, оларды мектепке бірге апарып, сабағы біткенше күтіп, бірге қайтып келеді. Бұл – оның жауапкершілігі. Мен үй шаруасымен айналысып, тамақ дайындаймын. Екінші ұлым мен қызымыз да үй тіршілігіне көмектесіп тұрады. Ал бірінші сыныпта оқитын баламның жалғыз міндеті – қоқыс шығару. Қысқасы, әр баланың өзіне жүктелген кішігірім міндеті бар. Соның арқасында үй шаруасы маған ауыр тимейді. Балаларымның бір-бірімен қарым-қатынасы жақсы. Үлкендерін аға деп сыйлап, әрқашан бір-біріне қол ұшын беріп тұрады. Әрине, "бес саусақ бірдей емес" дегендей, кейде олардың арасында бөлісе алмай қалу, реніш, қызғаныш сияқты сәттер де кездесіп тұрады. Әсіресе, кішкентай балалардың арасында мұндай жағдайлар жиірек болады. Бірақ олар көбіне мәселені өзара шешуге тырысады.
- Көпбалалы ана болудың қызығы мен шыжығы қатар болар...
- Кішкентайлар әлі кішкентай, бірақ болашақта өз жолдарын табарына сенемін. Кей күндері өкпелеп, шаршап кететін сәттер де болады. Әсіресе, кішкентайларым ауырып қалған кезде қиын тиеді, бірнеше түн ұйқысыз өтетіні бар. Оның үстіне, жолдасым жұмыс бабымен жиі іссапарларға шығып тұрады. Сол кездер мен үшін ең ауыр кезеңдердің бірі.
Қаржылық қиындықтар да болады. Мысалы, әр балаға қазіргі заманға сай керек-жарақты алып бере алмай қалғанда өзімді кінәлі сезінемін. Кейде балаларым аналық махаббатқа таласып, бөлісе алмай жататын сәттерде іштей жылап аламын. Бірақ мұның бәрін бір-бірімізбен сөйлесу арқылы, түсіністікпен шешуге тырысамыз. Балаларға қазіргі таңда шынайы маңызды дүниелерді түсіндіреміз.
Бізде, шүкір, күнде қуаныш бар. Балаларыма әр күнімізден, әр сәттен өмірдің мәнін, ләззатын көре білуді үйретемін. Әр атқан таңға Аллаға шүкір айтуды дағдыға айналдырдық. Балаларымның күнделікті тірлігі, қылықтары, тіпті кішкентай бұзықтықтары да маған қуаныш сыйлайды. Түскі, кешкі асты бәріміз бірге, аман-есен, үлкен дастархан басында жиналып ішу – нағыз бақыт. Көпбалалы боламын деп ешқашан ойлаған емеспін (күліп). Жастық шақта әр қыз бала секілді бір ұл, екі қызым болса екен деп армандайтынмын. Бірақ өзім де көпбалалы отбасынан шыққанмын, сол себепті болар, өмір жолым осылай өрілді. Алты бала – Алланың сыйы. Сансыз шүкір етем.
- Балаларыңыз бос уақытысында немен айналысады?
- Ұлдарымыз жылқыны жақсы көреді. Ата-әжелері ауылда, Астанадан 60 шақырым жерде тұрады. Апта сайын ауылға барып, атқа мініп, төрт түлікпен жұмыс істейді. Алтайыр 7 жасында бәйгеде бірінші орын алды. Алдияр да биылғы Наурыз жарысында екінші орын иеленді.Қызымыз Әдемі «Гәкку» би ансамблінде өнер көрсетеді, ел аралап жүр. Айдидар каратэмен айналысады – «SALAHUDDIN» академиясында жаттығады.
- Отбасылық дәстүрлеріңіз бар ма? Ерекше атап өтетін мерекелер, әдеттер?
- Бізде Рамазан айы мен Ораза, Айт мерекесі – ең маңызды күндер. Отағасы бес жылдан бері үзбей ораза ұстап жүр. Айтта міндетті түрде ата-әже, туыстарға барып, айттап қайтамыз. Наурыз мейрамы, Жаңа жыл, туған күндер – бәрі отбасылық қуаныш. Сондай-ақ айына бір рет «Әке мен бала» күні болады. Бұл күні әкесі тек балаларға арнап уақыт бөліп, оларға көңіл бөледі.
- Балаларыңызға қандай ең басты адамгершілік қасиеттерді үйретуге тырысасыздар?
- Балаларыма ең алдымен тәрбие беріп, бойларына адамгершілік қасиеттерді сіңіруге тырысамын. Себебі, адамгершілік болмаса, олар тек білім алып, өмірді «роботша» қабылдайтын болады. Мен үшін үлкенге құрмет, кішіге ізет – ең маңызды құндылықтардың бірі.Қазіргі уақытта көпбалалы ана ретінде бала тәрбиелеу – жан-жақты және үлкен еңбек талап ететін іс. Менің қарапайым тәсілім – дастархан басына жиналғанда әр балаға 10–15 минут уақыт бөліп, әңгімелесу. Олар күнінің қалай өткенін, не істегенін, мектепте не қызық болғанын, кімді ренжіткенін – бәрін айтып отырады. Бұл – негізінен кішкентайлармен. Ал екі үлкен ұлым – қазіргі таңда менің досым сияқты. Көпшілік көшеде оларды ағам немесе туысқаным деп ойлап жатады. Қазір олар 16 жаста – алғашқы махаббат, ғашық болу тақырыптары басталып кетті. Оларға қыз баланы сыйлау, құрметтеу, оларды нәзік жан ретінде түсіну жайлы терең әңгімелер айтып отырамын.Мұндай ашық қарым-қатынас арқылы мен баламның ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын біліп отырамын. Қандай қолдау қажет, материалдық тұрғыда не жетіспейді – соның бәрін білуге мүмкіндік береді. Күнделікті айтатын басты сөздерім: адамгершіліктерін болсын, берген сөздеріңде тұрыңдар, ешкімді алдамаңдар, қыз баланы ренжітпеңдер.
Асылжан Мейрамова