Бұл туралы Астана қаласының әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қаланың дамуына жеке инвестициялар да тартылып жатыр. Инвест штабтың отырысын өткізіп, инвесторлардың бірқатар ұсынысын қарадық. Мәселен, олар – құрама темірбетон конструкциялары, мамандандырылған жұмыс аяқ киімдері, толық циклді санитарлық-гигиеналық қағаздар шығаратын зауыттар салу бойынша жобалар.
Сол сияқты Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған этно-демалыс базасы мен ат спорты кешенін, шахмат академиясын, балмұздақ пен өзге де азық-түлік өнімдерін өндіру, тарату және сақтау үшін логистикалық кешенді және т.б. салу бойынша жобаларды қарастырдық», - деді әкім.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек аталмыш жобалар тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Бұл жобалар қалаға 16 млрд теңге жеке инвестиция тартуға, 700-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өңірлік инвест штаб отырыстарын тұрақты негізде өткізіп тұрамыз. Біз әр жобаны жеке қарастырамыз әрі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз», - деді Жеңіс Қасымбек.
