Бағаны тұрақтандыруға қатысатын сауда желілерінің санын 4-тен 12-ге көбейттік — Көлгінов
«Біз әлеуметтік маңыздағы азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Сауда желілеріне "айналым механизмі" бойынша бөлінетін соманы 13 еседен астам — 180 млн теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін өсірдік. Бұл әрекетіміз әлеуметтік маңызды тауарлардың 16 түрін ұстап тұруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, сатып алуды ұлғайттық және бағаны тұрақтандыруға қатысатын сауда желілерінің санын 4-тен 12-ге көбейттік. Олар: Магнум, Астықжан, Кенмарт, Вкусмарт, А2, Метро, Анвар, Рахмет, Ақмол, Смолл, "Астаналық" базары, Шапағат», — дейді Алтай Көлгінов.
Сонымен бірге, шаруа қожалықтарымен қосымша - 704 млн теңгеге 5 мың тонна көкөніс сатып алуға форвардтық келісім жасалғаны белгілі болды.
«Нан өнімдеріне бағаны тұрақтандыруға жергілікті наубайханаларға 600 млн теңгеде аса қаржы бөлдік. Бұл шаралар әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұруға кәдімгідей көмектесті.
Бірқатар ірі сауда желілері мен тауар өндірушілердің басшылығымен кездесу кезінде осындай әріптестікті әрі қарай жалғастыру жағын талқыладық. Сауда желілеріне "айналым механизмі" бойынша бөлінетін соманы 2021 жылдан бастап ұлғайтуды тапсырдым», — деп жазады қала әкімі.
Ол елордада барлығы 7 логистикалық кешен бар екенін, 4 көтерме-тарату орталығының құрылысы жүріп жатқанын, ал оның үшеуі - жеке инвесторлардың есебінен тұрғызылатынын мәлім етті.
«Инвесторлар сонымен бірге - жылыжайлар, азық-түлік базарларын, көкөніс қоймаларын, сүт зауытын және т.б. нысандарды салу жөніндегі жеке жобаларды қолдап отыр. Бұл шаралар да азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түсіп, нарықты жергілікті тауарлармен толтыруға мұрындық болады», — дейді әкім.