«Жас Отан» қоғам белсенділерімен онлайн жиын өткізді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Жас Отан» қоғам белсенділерімен онлайн жиын өткізді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114511647702915.webp)
Жиын модераторы, аталған филиал төрағасы Бақдәулет Жанділдаев Праймериз науқанынан өткен партиялықтардың алдында тұрған сын кезеңдер туралы айтты. Оның айтуынша, партияның елордалық филиалының сайлауалды бағдарламасында алдағы 5 жылға «Елорда жастары» бағдарламасын дайындап, оған 7 млрд теңге бөлу, сол қаржыға алынған 500 пәтерді елордалық жастарға беру туралы мәселе қарастырылып отыр. Сонымен қатар 15 аула клубын ашып, оларға қаланың 2 мыңға жуық баласын тарту көзделуде. Сондай-ақ Жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы 3 мың жасты қоғамдық, 4 мың адамды тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарда бар. Жастар мәселесіне қатысты сайлауалды бағдарламасымен осы науқанға қатысқан Л. Гумилев атындағы ЕҰУ департамент директоры Рүстем Әлқожаның айтуынша, қазір елордада 250 мыңдай жас тұрады. Соның 90 мыңдайы — студент. «Партияның сайлауалды бағдарламасы 10 бағыттан тұратынын білесіздер. Соның ішінде жастар мәселесіне де ерекше басымдық берілген. Елорда – жастар қаласы дейміз. Сол жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру, олардың арасында бұқаралық спортты дамыту өте маңызды. Мемлекет басшысы өз жолдауында «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы айтты, бұл бағытта да біз халықтың мұң-мұқтажын, өтініш-тілегін тиісті органға уақытылы жеткізіп отыратын екі ортадағы көпір болуымыз керек. Осы себепті жастар атынан осы науқанға қатыстым. Өзімнің сайлауалды бағдарламамда білім беру саласын, ШОБ-ты дамыту бағытын көтердім», — деді Р. Әлқожа. Елордалық мәслихат депутаттығына үміткер, «Қамқор құрылыс» мекемесінің бас директоры Азамат Орынбасаров өзіне жақын сала тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы екенін, сондықтан ол үгіт-насихат жұмыстарын «Есіктен есікке» акциясы арқылы жүргізгенін жеткізді. Сол акция аясындағы кездесулерде тұрғындар тарапынан ең көп көтерілген мәселе – балалар ойнайтын алаңдар салу туралы болған. Қалалық мәслихат депутаттығына тағы бір үміткер Ақылбек Данабекұлының Праймериз кезіндегі көтерген мәселесі – «Нөсерлі кәріз» тақырыбы екен. Бұл — партияның қалалық сайлауалды бағдарламасындағы бағыттардың бірі, әрі елордада өте өзекті саналатын проблема. Жас белсенділер партия қолға алған бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табатынына сендірді. Соған қоса партия елорда экологиясын жақсарту үшін 2022 жылға дейін қаланың айналасындағы жасыл аймақта 700 мың ағаш егуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ 5 тұрғын-үй алабына 10 гүлзар салу көзделуде, бұл елорданың 1 тұрғынына шаққанда жасыл желекті 20 шаршы метрге көбейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Сарыарқа, Н. Тілендиев, Р. Қошқарбаев, А. Иманов, Оқжетпес, Тайбурыл көшелерінде және Ильинка елді мекенінде гүл алаптары салынбақ. Партия атынан қалалық мәслихат депутаттығына келесі үміткер Арсланбек Мағзұм сайлауалды бағдарлама арқылы қаланың барлық күрделі мәселелері шешілетінін жеткізді. Жалпы қазіргі таңда бас партияның республикалық және өңірлер бойынша барлығы 217 сайлауалды бағдарламасы бар. Олардың бәрі де белгілі бір аймақтар үшін ыңғайлы, оңтайлы етіп әзірленген. Бағдарламада көтерілген мәселелерді толық шешу үшін партияда барлық ресурстар бар. Сондықтан жас қоғам белсенділері халықты алдағы сайлауда «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.
Райхан Рахметова